09 қар, 2016 сағат 14:41

Өнерлі жан мәңгі жасайды

Адам дүниеге келген соң артынан арлы із қалдыру адамзаттық парыз. Бұл заңды қағида , саң ғасыр бойы өзгермейтін аксиома. Ал, өнер иесінің ізгі жолы, ұрпаққа үлгі, халыққа қажет құндылық. Өнерлі жан мәңгі жасайды. Барлық саналы ғұмырын өнерге арнаған ҚР Мәдениет қайраткері Әбділденова Күләш Қалымқызы апта бұрын арамыздан озғанмен,  жылдар бойы жұрттың жадынан кетпей, әріптестерінің жүрегінен мәңгі орын алатынына күмәніміз жоқ.

Күләш Қалымқызы 1952 жылы 16-наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге жаны ғашық, талабы таудай Күләш Қалымқызы ел ықыласына ерте бөленген жан.

 1974 жылдан бастап Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрында қызмет атқарды. Дарынды актриса осы театр қабырғасында өзінің сан қырлы талантын көрсетіп, үлкен тарихи тұлғаларды сомдап, өнердің биігіне көтерілді.  Тұңғыш рет Ғ.Мүсіреповтың  «Қозы Көрпеш – Баян-сұлу»   – Баян, «Ақан сері – Ақтоқты»- Ақтоқты, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» -Бота рөльдерін шегіне жеткізіп ойнады. Аталған рөльдер театр репертуарының ең сүбелі туындылары екенін айта кеткеніміз жөн. Осы тарихи тұлғаларды халық жүрегіне жеткізу жолында , актрисаның дарыны, еңбек сүйгіштігі, талабы айқын аңғарылды.  М.Сәрсекеевтің “Заңды неке” комедиясының да жанын кіргізіп, жоғарғы дәрежеде өтуінге ат салысты.

Т.Жұртбаевтың «Құнанабай» трагедиясында Ұлжан образын жасап, Жезқазған қаласында өткен Республикалық театр байқауында ерекше көзге түсіп, аталып өттті. Сол арада отырған театр сыншылары да жыл лебіздерін білдіріп, театрымыздың абыройын аспандатты.   К.Әбділденова сан-қырлы сахна шебері. Осы жылдар ішінде трагедиялық және комедиялық спектакльдердің барлығында басты-басты бейнелерді сомдады.  Қарағанды қаласында болған театр байқауында Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» драмасында Найман-ана бейнесін жасап, театр мамандарының ықыласына бөленіп, «Ең үздік -Ана» бейнесін жасаған артис ретінде марапатталды. 

Кейінгі жылдары сахнада қойылған өзбек драматургі С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясындағы Күләш ойнаған Сатты бейнесі көрермендердің көңілінен шығып, артистің сан қырлы шеберлігі ерекше байқалды.

Сонымен қатар Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» спектаклінде Ана, Ө.Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуі» қойылымында Гүлшатай, Ж.Қамбаровтың          «Жүрек жылуы» драмасындағы балалар үйінің аспазы, қарапайым ана Марфуға бейнесін өте шеберлікпен ойнап, өзінің кең жүректі, мейірімді ана екенін көрсетті.

К.Әбділденова жас жеткіншектердің сүйікті артисі. Ол көптеген ертегілерде Мыстан кемпір және аңдардың кейіптерінде көріне білді. «Алтын тақ», «Батыр Көжек», «Достық пен қастық», «Бір уыс бидай», «Асар» ертегілерінде ойнап, балалар жүрегіне ерекше жол тапты. Күләш тек Қазақстан емес, көптеген шет елдерге өнер көрсетіп, еліміздің абыройын көтерді. Біздің театрымыз Түркменстан, Тәжікстан, Қытай әсіресе дүниежүзілік Египет мемлекетінің астанасы  Каир қаласында өткен 14-ші Дүниежүзілік тәжірибелі театр фестивалінде Күләш Әбділденова сомдаған Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» драмасындағы Найман-Ана бейнесі ерекше аталып, Каир фестивалінің каталогіне енді.

Күләш Қалымқызы ана бейнесін жасауда озық актриса. Барлық тарихи қазақ әйелдерінің образын ел жүрегіне жеткізе білді.

Қоғамдық жұмыстарда әрқашан белсене қатысып, барлық саналы өмірін театрға арнаған Күләш Әбділденова өмірден өтсе де жүректің төрінде мәңгі қалары сөзсіз.

Мерей Қартов, Әдеби бөлімнің меңгерушісі