10 шіл, 2025 сағат 17:31

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті қайтадан тұтқындалды

Фото: Getty Images

Юн Сок Ёль бейсенбіде қайтадан жалғыз кісілік түрме камерасына қамалды, деп хабарлайды Reuters агенттігі. Бұған соттың оның қайта тұтқындалуына ордер беруі себеп болған.

Өткен жылдың желтоқсанында Юн елде әскери төтенше жағдай жариялауға тырысқан, бірақ бұл әрекеті сәтсіз аяқталған. Осыдан кейін парламент оны бүлік жасауға талпынды деп айыптап, мемлекет басшысына импичмент жариялаған.

Хабарламаларға қарағанда, прокуратура Юнның Солтүстік Корея үстінен әскери дрон ұшыруды бұйырғанын дәлелдейтін айғақтар тапқан. Бұл әрекет қарсы тарапты жауап қайтаруға итермелеп, елде әскери жағдай енгізуді ақтап алуға арналған болуы мүмкін.

Қаңтар айында Юн алғаш рет тұтқындалған еді: оның Сеулдегі резиденциясын шабуылмен басып алу арқылы қолға түсірген. Араға екі ай салып, сот тұтқындауды техникалық себеппен жарамсыз деп танып, Юн босатылды. Алайда оған қатысты сот процесі жалғасуда. Оған өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы қаупі төніп тұр.  

Маусым айында Оңтүстік Кореяда кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Президент болып оппозициялық Демократиялық партияның кандидаты Ли Чжэ Мён сайланды.