05 шіл, 2017 сағат 12:38

Оңтүстікте «Көне жетігеннің сыры» атты туристтік кинохикая түсірілмек

Оңтүстік Қазақстан облысында осы жылдың  соңында «Көне жетігеннің сыры» атты 13 сериялы кинохикая мен «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты анимациялық фильмдердің тұсауы кесілетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасаөз конференциясында «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков мәлім етті. 

Аталған туындылардың түсірілім жұмыстарымен елімізге белгілі «Сақ» және «Оңтүстік-фильм» киностудиялары айналысып жатыр.

Бұл туындылар Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өңіріміздің киелі және тарихи жерлерін дәріптеу мен туризмді насихаттау мақсатында түсіріліп отыр.

«Аталған туындылардың идея авторы – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев. Жыл басында облыс әкімі бізді арнайы қабылдап, ішкі туризмді дамытуға сеп болатын кино және анимациялық фильмдерді түсіруге тапсырма берген болатын. Кейіннен бюджеттен қаржы бөлді. Қазіргі таңда біз «Көне жетігеннің сыры» атты 13 сериялы кинохикаяны түсірумен айналысудамыз. Түсірілім жұмыстарына 30-ға жуық актерлар тартылып, жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр»,- деді Батырхан Қалдарбекұлы.

«Көне жетігіннің сыры» атты  киножоба  желісі өте қызықты. Қазығұрт асуындағы жол жөндеу жұмысымен айналысып жатқан эксковаторшы кісі сырты шіруге айналған тері қапшық тауып алады. Қапшықтың ішінен көне жетіген аспабы шығады. Ішектері мен асықтары жоқ бұл аспабтың сыртқы бетінде ескі көне түркі әріптерімен жазылған жазудың іздері көрінеді. Фильмнің басты кейіпкері – Самал дос, жігіті Нұржан мен археолог Жандос үшеуі жетігеннің сыртындағы төте жазу өлең шумақтарының құпия сырларын ашуға тырысады.

«Киноның түсірілім жұмыстары Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, Сайрам, Ақсу-Жабағылы, Қазығұрт тауы, Өгем секілді тарихи және табиғаты әсем жерлерде түсірілуде. Жалпы «Көне жетігіннің сыры» киносына 70 млн. теңге бөлініп, әр сериясына 6 млн. теңге шығындалып жатыр»,- деді киноның бас режиссері Нуриддин Паттеев.