10 қыр, 2016 сағат 15:07

Өскеменде Б. Александров атындағы спорт сарайы еуростандарт бойынша жаңартылады

-  Борис Александров атындағы спорт сарайының ғимаратын жаңғыртқан кезде алғаш рет ең заманауи материалдар қолданылды.  Қазір фойесі мен ғимарат сыртын жөндеудің бірінші кезеңі аяқталды.

Жергілікті құрылыс тарихында алғаш рет энергия үнемдейтін, қасбет жамылғысының жаңа түрі -  еуро стандарттың қауіпсіз шынысы пайдаланылды.  Шынының жаңа түрі күннің көзі мен жылу өткізіп, ультракүлгін сәулені жояды, жазда салқындықты, қыста жылылықты сақтайды.

Фойе ғимаратының жалпы алаңын кеңейту есебінен спорттық құрылыс 18,5 метрге дейін кеңейтілді, ғимарат биіктігі ұлғайтылды, жарық әрі кең бола түсті. Бұл шағын дәмхананы, демалыс аймағын, балалар үшін ойын алаңын орналастыруға мүмкіндік береді. Екінші қабатта дәретхана бөлмелері пайда болды. Ғимарат пандустармен жарақталған. Жұмыстар 10 қыркүйекте аяқталады деп жоспарлануда, деп хабарлады өңір әкімі Д. Ахметов жұмыс алаңын қарау барысында.

Келесі жылы көктемде көрермен залын жөндеу басталады. Мінбердегі орындар саны  4400-ден  5500-ге дейін ұлғайтылмақ.

Өңірдің басты спорт ғимаратын жаңғыртуға қанша қаражат салынады деген «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің сұрағына Даниал Ахметов бұл сұрақты  жобаны қаржыландырып отырған екі кәсіпорын - «Қазцинк» пен «Казминералс» басшылығынан сұрау қажеттігін айтты.

«Бизнес  халық алдында әлеуметтік жауапты болуы тиіс деп санаймын және өнеркәсіпшілердің бұл қадамын қолдаймын», - деп атап өтті Д. Ахметов.






ҚазАқпарат