Фото: ашық дереккөз
Шығыс Қазақстан облысының орталығында алимент өндіру мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Өскемен қаласында 6 мыңнан астам алимент өндіру туралы сот шешімі орындалуда, ал төлемді уақытылы алуына 8 мыңға жуық бала үміт артады, деп хабарлайды Ult.kz.
Соған қарамастан, қалада 649 проблемалық өндіріс тіркелген. Борышкерлердің жалпы қарызы 1 млрд теңгеден асады. Көптеген ата-аналар міндеттемесін орындаудан жалтарып, балалардың құқықтары мен тұрмыс жағдайына зиян келтіруде.
Осыған байланысты Өскемен қаласының прокуратурасы аталған санаттағы істерді күшейтілген бақылауға алды. Борышкерлердің автокөліктері ұсталып, олардың мәліметтері «Поток» және «Мерген» жүйелеріне енгізілді. Жүйелі түрде төлемеушілер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Ресми жұмысы жоқ ата-аналар жұмыспен қамту орталықтарына жіберіліп, олардың жұмысқа орналасуы тұрақты қадағалауда. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларына қатысты да тексерулер жүргізіліп, тәртіп бұзған 25 тұлға жауапкершілікке тартылған.
Жыл басынан бері балалардың қажеттіліктеріне бағытталған 171 млн теңге өндірілді. Бұл қаражат – әр баланың тамағына, киіміне, еміне және оқуына жұмсалатын маңызды қолдау.
