23 жел, 2019 сағат 14:59

Отандық дәрігерлер Тәжікстанда шеберлік сабақтарын өткізді

Тәжікстан Республикасындағы қазақстандық медицина күндері аясында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының жоғары санатты мамандары тәжікстандық әріптестерінің назарына бірнеше шеберлік сабақтарын ұсынды, - деп хабарлайды А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының баспасөз қызметі.

А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның Басқарма төрағасы, профессор Б.Б. Баймаханов Тәжікстан Республикасының Ұлттық ғылыми ағзаларды және тіндерді трансплантациялау орталығының қызметкерлерімен бірге «Туыстық бауыр трансплантациясы» бірегей отасын жасады. Ота сәтті аяқталды.

Тәжікстанның Республикалық жүрек-тамыр хирургиясы орталығында эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Е.Б. Абдрашев «Механикалық сары ауру синдромы кезіндегі ретроградтық араласулар» тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізді. Шеберлік сабақтарының барысында 4 күрделі ота жасалды. Ота жасалған пациенттердің жай-күйі тұрақты.

Бұл іс-шара Қазақстан мен Тәжікстанның медицина саласында тәжірибе және білік алмасуына ауқымды үлес қосып, екі ел үшін  айрықша маңызға ие болды.