20 нау, 2026 сағат 13:59

Парламент Алатаудың ерекше мәртебесін мақұлдады

Фото: Gov.kz

Парламент «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат қалада ерекше құқықтық және экономикалық режим енгізуді көздейді, деп хабарлайды Ult.kz.

Алатауда цифрлық активтерді, соның ішінде криптобиржа мен токенизацияны реттеу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл бағытта арнайы құқықтық режимдер енгізілуі мүмкін.

Салықтық жеңілдіктер тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Жобалар экономикалық және әлеуметтік тиімді болуы, қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкес келуі, экспортқа бағытталуы, инновациялық сипаты болуы және экологиялық талаптарға сай келуі тиіс. Барлық жеңілдіктер мен инвестор міндеттемелері ашық жарияланады.

Қалада "Alatau City Authority" атты жаңа мемлекеттік орган құрылып, республикалық бюджеттік бағдарламаларды дербес басқарады. Бұл қаражат инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға бағытталады. Ал жергілікті бюджет әлеуметтік және ағымдағы шығындарды қаржыландырады.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін басқа бюджеттерге қаржы аудармайды. Жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін арнайы кеңес бекітеді.
Қала «Digital by default» қағидаты негізінде дамиды. Яғни, барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жүзеге асады. Сонымен қатар байланыс, жасанды интеллект, робот техникасы және автономды көлік салаларында эксперименталды құқықтық режим енгізу жоспарланып отыр.

Сарапшылардың болжамынша, жоспар толық жүзеге асса, 2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Құжат екінші оқылымға дейін әлі де талқыланады.