© Photo : Акимат Павлодарской области/Валерий Бугаев
Павлодарда жаңадан салынып жатқан мектеп жартылай құлады. Оқиға 7 қараша күні болған еді. Арада бір күн өткен соң қирандылардың астында қалып қойған ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Казахстанская правда көшесінде салынып жатқан ғимараттың еден плитасы құлады. Осылайша қирандылардың астында 1967 жылы туған ер адам қалып қойды.
“Оқиға орнында жиырма құтқарушы және алты техника жұмыс істеді. Сондай-ақ төтенше жағдайларға жауап беру орталығы құрылды. Ер адамды іздеу үшін жылу бейнелеу камерасымен жабдықталған дрон да пайдаланылды. Нәтижесінде таңғы сағат 4:31-де қирандылар астынан ер адамның денесі табылып, шығарылды", – делінген хабарламада.
58 жастағы ер адам 2025 жылдың 7 қарашасында құрылысы жүріп жатқан мектептің қирандыларының астында қалып қойған. Полиция "Құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
