23 қыр, 2025 сағат 10:41

PepsiCo Қазақстанда зауыт салуға кірісті: 900-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдады. Кездесуде компанияның еліміздегі инвестициялық жобасы талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар. Жоба аясында 900-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, сонымен қатар қытырлаққа қажетті картопты Қазақстанда өсіру көзделіп отыр.

PepsiCo өкілдерінің айтуынша, бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Алдағы уақытта картоп өнімділігін арттыру үшін ғылыми әдістер енгізіліп, шикізатты сақтау базасы кеңейтіледі.

Мемлекет басшысы компанияның орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасын қолдайтынын айтып, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер өндірістің уақтылы іске қосылуына барлық жағдай жасайтынын жеткізді.

PepsiCo – әлемнің 200-ден астам елінде жұмыс істейтін ірі азық-түлік және сусын өндіруші компаниялардың бірі.