12 жел, 2023 сағат 10:33

«Petrosun» ЖШС жарты миллиард теңге айыппұл төледі

© Photo: Qazaq oil баспасөз қызметі

Прокуратура «Petrosun» ЖШС қызметінен үстемдік жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, тексеру барысында серіктестік монополиялық жағдайын теріс пайдаланып, жекелеген субъектілерге бензин мен дизель отынын сатуды негізсіз шектегендігі анықталды. Ал бұл Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 159-бабының талаптарына қайшы келеді.

"Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бәсекелестік саласындағы уәкілетті орган жеткізушіге қатысты кірістің 5% мөлшерінде айыппұл сала отырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен серіктестік әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Апелляция сот шешімін өзгеріссіз қалдырғаннан кейін 542,9 млн. теңге мөлшеріндегі айыппұлдың барлық сомасы мемлекеттік бюджетке төленді" - делінген хабарламада.