14 нау, 2023 сағат 17:30

Пітір садақаның мөлшері белгілі болды

Фото: © пресс-служба мэрии города Бишкек 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері анықталды. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады» - деді ҚМДБ төрағасы.

Сондай-ақ Бас мүфти мұсылман үмметі үшін ұлық саналған Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берген еді

«Біз Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.