Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдады. Кездесуде өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.
Әкімнің мәліметінше, облыста негізгі көрсеткіштердің барлығында өсім бар.
Ауыл шаруашылығы саласында өңір өнім көлемін 1,2 трлн теңгеге жеткізуді көздеп отыр. Майлы дақылдар алқабы 2,5 есе артқан.
Инвестициялық жобалар аясында Аршалы ауданында республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құрылды. Жалпы құны 4 млрд доллардан асатын жобалар портфелі жасақталып, 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
Әлеуметтік салада соңғы екі жылда 4,7 мың отбасы баспаналы болды. Бұл – алдыңғы жеті жылдағы көрсеткішке тең. Халықтың әлеуметтік осал тобына берілетін тұрғын үй кезегі 29%-ға қысқарған. Қосшы қаласында үлескерлердің мәселесі шешілуде.
Білім беру бағытында соңғы екі жылда 33 жаңа нысан салынып, 21 мың оқушы орынмен қамтылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық жойылды.
Коммуналдық шаруашылықта жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Көкшетауда қуаты 240 МВт болатын жылу электр орталығының құрылысы басталды. Су тазарту нысандары пайдалануға берілсе, облыс орталығындағы 200 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Жыл соңына дейін 9 елді мекенге газ тартылады.
Президент өңірдің әлеуметтік осал топты тұрғын үймен қамту тәжірибесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, егін жинауды ұйымдастыру, Қосшы қаласының дамуы, су тасқынының алдын алу және инвестиция тарту жөнінде нақты тапсырма берді.
