Фото: Ақорда
Президент өз Жолдауында Бір палаталы Парламент құру туралы ойымен бөлісті. Сонымен қатар, ол үшін уақыт керегін де айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл өте маңызды мәселе екенін айта келе, оны асығыс шешуге болмайтынын атап өтті.
«Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ әрине, қазірге Парламентке жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айырықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін яғни 2027 жылы жалпы ұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деп ортақ шешсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлау жөн деп санаймын», деді Қ.Тоқаев.
Президенттің сөзінше, бұл әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша Мәжілістің қазіргі құрамы барлық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді.
«Сенат жалпы ұлттық референдумның қорытындысы шығып, жалпы Парламент сайлауы өткенге дейін қалтқысыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекеге, тартысқа дайындалуға уақыты болады», деді Мемлекет басшысы.
Парламенттік реформа туралы сөзінде Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан бұл мәселенің заңгерлер арасында көп талқыланғанын айтты.
«Жолдаудағы ең басты мәселе Парламенттік реформа ғой. Бұл әңгіме шынымен де заңгерлердің арасында өте көп айтылды. Соның ішінде өзім де бармын. Осы жолдауға дейін де бірнеше рет сұқбат бердім. Сонда осы мәселенің, соның ішінде конституциялық реформаны жалғасын табуы керек деп ұдайы айтып келе жатырмын. Бір жыл уақытымыз бар, бір палаталы Парламентті құру мәселесіне қызу дайындыққа кірісеміз деп ойлаймын», деді депутат Абзал Құспан.
Бұған дейін, 2 қыркүйекте депутат Ермұрат Бапи тілшілерге берген сұхбатында "Тарату болады, бірақ ол 2027 жылдарға таман... Бәлкім жиырма жетінің басында, не жиырма жетінші жылдардың аяғында Тоқаев мырзаның каденциясы бітер алдында болады. Оған дейін әзірше бола қоймайды", - деген болатын.
