Фото: Ақорда
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс пен Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашедпен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент паралимпиада қозғалысының маңызды миссиясын атап өтіп, Қазақстан инклюзивті және әлеуметтік жауапты мемлекет ретінде бұл бағыттағы ынтымақтастықты қолдайтынын жеткізді.
Эндрю Парсонс Қазақстан спортшыларының Париждегі Паралимпиадада тоғыз медаль, оның ішінде екі алтын жеңіп алғанын ерекше атап, мұны жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады. Ал Маджид Рашед елде параспортшыларға жасалған жағдайды жоғары бағалап, Астанадағы қонақжайлыққа ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында Қазақстанда халықаралық паралимпиадалық жарыстар өткізу, спортшылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы талқыланды.
Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі дамып келеді. Жыл сайын 800-ден аса жарыс ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам адам қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан астам спортшы бар.
