Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Конституциялық сот қызметінің нәтижелері туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова 2,5 жыл ішінде азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскенін айтты. Судьялар 5 мыңнан аса құқық нормасын зерделеп, 300-ден астам шешім қабылдаған. Оның ішінде:
-
74 қорытынды қаулы шығарылып, 20 құқық нормасы Конституцияға қайшы деп танылды;
-
25 құқық нормасына нақты түсіндірме берілді;
-
41 нормативтік қаулы заңдарға енгізілген өзгерістер арқылы орындалды.
Қазір Конституциялық соттың 19 қаулысындағы құқықтық ұстанымдары ескерілген 8 заң жобасы Парламентте қаралуда.
Сонымен қатар Азимова азаматтарға тегін құқықтық кеңес беретін Өтініштерді қабылдау орталығы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұған дейін мыңнан астам адам кеңес алған.
Президент Конституциялық соттың басты міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепіл болу екенін айтты. Ол сот органының құқықтық ұстанымдарын жүйелі түрде іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
