17 сәу, 2025 сағат 10:30

Президент Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісі қызметінің нәтижелері жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Заң шығару жұмысы бойынша сессия басталғалы бері 62 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Оның 55-іне Президент қол қойған. Олардың қатарында: Су кодексі, сондай-ақ қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау, тауарлардың шығарылған елін айқындау, денсаулық сақтау және ойын бизнесі туралы маңызды заңдар бар. Бүгінге дейін депутаттардың қарауына 76 заң жобасы келіп түскен.

Президент тапсырмасына сәйкес Салық, Құрылыс кодекстері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, ғылыми зерттеу аумақтарын дамытуға, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге және жасанды интеллектіге қатысты заң жобалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мәжіліс төрағасы жаңа Салық кодексінің бірінші оқылымының қорытындыларын, Президенттің Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.

Депутаттардың өңірлерге іссапарлары кезінде азаматтардан түскен арыз-шағымдарды мемлекеттік органдардың қарауы, Президенттің саяси реформаларын жүйелі жүзеге асыру мәселелері пленарлық отырыстарда тұрақты талқыланып келе жатқанын айтты.

Осыдан кейін Ерлан Қошанов AMANAT партиясының жобаларын таныстырды. Мемлекет басшысына «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Әкімдер мектебі» жобаларының жүзеге асырылу барысы таныстырылды.

Мәжіліс төрағасы парламенттік дипломатия аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәжіліс делегациясы Ташкентте өткен 150-ші Парламентаралық одақ ассамблеясына қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясы, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы, ТМД парламентаралық ассамблеясы және басқа да бағыттағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде белсенді жүргізіліп жатқанынан есеп берді.