21 қаң, 2022 сағат 18:30

Президент Олимпиада және Паралимпиада құрамаларының мүшелерімен кездесті


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жуырда Бейжің қаласында өтетін ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандыратынын атап өтті.


– Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін, – деп жігерлендірді Президент.


Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақстан атлеттерінің қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жалпы 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжалағанын атап өтіп, Олимпиада тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сынды спортшылардың даңқты жеңістері азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырғанын айтты.

– Алдағы Олимпиадада сіздер де лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін. Паралимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиада ойындарының маңызы зор. Қазақстандық паралимпиадашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардағы қайғылы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ең бастысы, ынтымақ пен бірліктің арқасында біздің халқымыз мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін лаңкестікке лайықты тойтарыс бере алды. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жанкүйер болатын жарыс күндері де жалпыұлттық бірлігімізді көрсететінімізді білемін, – деді Мемлекет басшысы.