11 шіл, 2025 сағат 15:47

Президент сынынан кейін Алакөлде жедел кеңес өтті – жағажайда рейдтер күшейеді

Фото: Абай облысы әкімдігі

Алакөлде демалыс маусымының қызған шағында туристік инфрақұрылым мен қауіпсіздік мәселесіне қатысты шұғыл жиын өтті. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алакөлдегі қызмет сапасына байланысты сынынан кейін қолға алынған алғашқы нақты шаралардың бірі, деп хабарлайды Ult.kz.

Облыс әкімінің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Алакөлге барып, тиісті мекемелермен жедел кеңес өткізді.

Жиында не айтылды?

  • Туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру,

  • санитарлық тазалық пен жағалаудағы тәртіп,

  • қоғамдық қауіпсіздік пен қызмет сапасы кеңінен талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша:

  • құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер күшейтіледі;

  • моторлы қайық иелерінің қауіпсіздік талаптарын сақтауына бақылау артады;

  • қоқыс тастаған сауда орындары мен демалыс нүктелеріне айыппұл салынады.

2018 жылдан бері жөндеу көрмеген жағалауға биыл ерекше көңіл бөлінді.

Облыс әкімі Берік Уәли көктемнен бері Алакөлге үш рет барып, көшпелі жиын өткізді. Нәтижесінде 658 млн теңге бөлініп, жағажайды жақсартуға нақты жұмыстар басталды.

Қаржы мынадай жобаларға бағытталды:

  • Арбат алаңын жөндеуге – 108,9 млн теңге

  • Қоғамдық кеңістік құруға – 171,6 млн теңге

  • Жағалауды абаттандыруға – 107,5 млн теңге

  • 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, 2 биотуалет, 3 пирс, құтқару мұнаралары мен жарықтандыру орнатылды.

Қауіпсіздік бағытында жаңа нысандар салынып жатыр

Алакөл жағалауында құтқару станциясының құрылысы басталды. Ол төтенше жағдайлардың алдын алып, алғашқы медициналық көмек көрсететін және қауіпсіздікті арттыратын кешен ретінде жұмыс істемек.

Сонымен қатар, Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосы салынып жатыр. Бұл нысан Алакөл маңындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.

Еске салайық, Президент Алакөлдегі туризм сапасы төмен екенін айтып, Үкіметке ескерту жасаған еді.