11 мам, 2020 сағат 12:10

Президент: Ұлттық валютаға жасалған спекулятивті шабуылдарды азайтудың маңызы аса зор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік капиталға деген бәсеке қызған шақта капиталды ұстаушының әрбірімен тікелей жұмыс жүргізу керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтыншыдан, шетелдік капиталға деген бәсеке қызған шақта капиталды ұстаушының әрбірімен тікелей жұмыс жүргізуге көшу керек. Жалпы, экономикаға берілетін басымдық пен әлеуетті тиімділік ретінде әрбір инвесторға жеке қолдау шараларын әзірлеген абзал. Осынау маңызды жұмыс аясында Үкімет басымдыққа ие салаларда стратегиялық инвесторлар үшін бүкіл инвестициялық заңнаманың тұрақты режимін қамтамасыз етуі тиіс», - деді Президент Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында. 

Мемлекет басшысы елге инвестиция тартып, қаржы қорын дамыту үшін «Астана» ХҚО-ның әлеуетін пайдалану керектігін еске салды. 

«Мемлекеттік активтерді жекешелендіру алдында бұл жұмыстың маңызы зор. Сонымен қатар бизнес-келіспеушіліктерді реттеуде қазақстандық кәсіпкерлердің АХҚО ағылшын соты мен арбитражының басымдығын пайдалану бойынша қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Ұлттық компанияларға тиесілі жекелеген құрылымдар кезең-кезеңмен осы жұмысты бастауы тиіс. Егер өзіміздің инвесторлар шетелдік юрисдикцияны таңдайтын болса, шетел инвесторларының сеніміне ие бола алмаймыз. Үкімет, СІМ мен шетелдік өкілдіктер АХҚО резиденттігінің шетелдік салықтық бағдарламасын насихаттауды күшейтуі тиіс. Орталықтың Әкімшілігі 2025 жылға дейін жаңа Стратегия бойынша жұмыс жүргізеді. Қазіргі жағдайда инвесторлардың сенімі, бизнестің ұлттық валюта мен ақшалай-несиелік саясатқа сенімінің маңызы зор. Осыған байланысты ұлттық валютаға жасалған спекулятивті шабуылдарды азайтудың маңызы аса зор. Бұл – Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің міндеті», - деді Президент.