Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында болған жаппай төбелеске қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 28 наурыз күні Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығының қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін қазақстандықтармен кездесу өткізген. Дәл осы жерде тұрмыстық жанжал жаппай қақтығысқа ұласқан.
Алғашында тәртіпсіздікке жүздеген адам қатысқан. Оқиғадан кейін түрлі елдің 30-дан астам азаматы ұсталды. Тергеу басталған соң олардың көпшілігі босатылғанымен, бірнеше адам, оның ішінде Қазақстан азаматтары 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Тағы үш қазақстандыққа қатысты тергеу жүріп жатыр. СІМ мәліметінше, қазақстандықтар арасында зардап шеккендер жоқ және барлығына консулдық көмек көрсетіліп жатыр.
Желіде тараған видеоларға қарағанда, төбелес Усть-Лугадағы вахталық қалашық аумағында болған. Кадрларда жиналған адамдардың арасына көлік кіріп кеткені көрінеді. Кейбір қолданушылар қақтығыс қазақстандық жұмысшылар мен күзет қызметі арасындағы жанжалдан басталғанын жазып жатыр.
Қазір вахталық кенттегі жағдай тұрақтанған. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу жалғасып жатыр.
