11 қаз, 2023 сағат 16:38

Риддер ЖЭО инвесторы объектіні мемлекетке 1 теңгеге сатты

Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Риддер жылу электр орталығының инвесторы Әміржан Нәбиев аталған нысанды мемлекетке 1 теңгеге беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

«Риддер жылу электр орталығын қалпына келтіру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен ауқымды қаражат бөлінді. Жылу орталығы іс жүзінде бюджет қаражаты есебінен қалпына келтірілді. Аталған объект инвесторы өз еркімен, Үкімет резерві есебінен бөлінген міндеттерді жабу үшін жылу орталығын мемлекетке 1 теңгеге беру туралы шешім қабылдады», - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері Энергетика министрінен Риддер жылу электр орталығының инвесторы Әміржан Нәбиевтің не себепті кеткенін сұрады.

«Бұл оның ерікті шешімі болды. Ол қарыздардың едәуір сомасын, жылу орталығы алдындағы 5 млрд теңгеден астам берешекті өтеді», - деп толықтырды Сәтқалиев.