10 қаз, 2023 сағат 12:56

Сән-салтанат салығы байлыққа емес, асыра байлыққа салынады – вице-премьер

Фото: Pixabay

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сән-салтанат салығын енгізу бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Тиісті жұмыс тобы бар. Онда жүздеген отырыс өткіздік. Оған байларды шақырып, пікірін ешкім сұраған жоқ. Себебі мемлекеттік органдардың, бизнестің, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен депутаттар және басқа да сарапшыларды шақырып, талқылау жүргіземіз. Ұлттық экономика министрлігінің жанында экономикалық зерттеулер институты бар. Осы институтта бүкіл мәселе талқыланып жатыр. Байлық деген - жаман мотивация емес. Әр адам, әр кәсіпкер бірінші кезекте жағдайын жақсартуға көңіл бөледі және сол бағытта жұмыс істейді», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол салық байлыққа емес, асыра байлыққа салынатынын атап өтті.

«Салық кез келген байлыққа салына бермейді. «Роскошь» термині қазақша аударғанда «сән-салтанат» болады. Біз соны анықтап алуымыз керек. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі де, вице-министр де «салықты асыра байлыққа қарастырамыз. Құны өте қымбат ұшақтар, яхталар және тағы басқа асыл заттарға қарастырылады» деген болатын. Олардың тізімі болады. Тек соларға жоғары салық салынады», - деді Ерұлан Жамаубаев.