21 қаз, 2022 сағат 14:23

Сайлау – халықтың тікелей еркін таңдауы


Елімізде Конституция бойынша Сайлау құқы азаматтардың сайлауға өз еркімен және ашық қатысуына кепілдік береді. Қазақстан Республикасының конституциялық заңына сәйкес, Президент жалпыға бірдей, тең және төте сайлау негізінде сайланады. Сайлау туралы заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы заңмен талап етiлетiн құжаттары болған жағдайда Президенттiкке үмiткерлер қанша болса да, кандидаттардың кез келген санын тiркеуге тиiс. Сайлау комиссиясы тiркеуден бас тартқан жағдайда үмiткер Орталық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасауға құқылы.

Сондықтан 1991-2019 жылдар аралығында өткен Президент сайлауының бәсекелестікке негізделуінің бір белгісі сайлау додасына түскен үміткерлер санына қатысты. Мысалы, Қазақстанда 1991 жылы өткен алғаш Президенттiк сайлауда бiр ғана үмiткер болғаны белгілі. Ал 1999 жылғы сайлауға төрт үмiткер түсті. 2005 жылғы сайлауда 18 үміткердің бесеуі ғана ресми тіркеуден өте алды. 2011 жылғы президенттік сайлауда алғашында 22 үміткер талаптанды, соның ішінен 4 үміткер ғана Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өте алды. 2015 жылы сайлауға 3 үміткер түсті. 2019 жылы 7 үміткер бағын сынаса, бүгін Президент сайлауына кандидат тіркеу аяқталып, үгіт-насихат басталады. Әзірше 6 кандидат бар. Төртеуі ер адам - Қасым-Жомарт Тоқаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен мен Нұрлан Әуесбаев. Екеуі әйел - Салтанат Тұрсынбекова мен Қарақат Әбден. ОСК қаласа, ертең тағы екі кандидат қосылуы мүмкін. Мінеки, өзіміз көріп отырғандай, президенттікке үміткерлер саны бірде көбейіп, бірде азайып отырған.

Демократия өміршең болу үшін азаматтардың саяси белсенділігі мен саяси бәсекелестік ауадай қажет. Тарихи тәжiрибе демократияға өту барысында саяси бәсекелестiк саяси қатысудың негiзiн құраған жағдайда сәттi, ал, саяси қатысу саяси бәсекелестiктен басым болған жағдайда демократияға өтудiң сәтсiз болатындығын дәлелдеп отыр. Әрине, ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы трансформациялар демократияға өтудің сан алуан жолдарын көрсетті. Бұған қарамастан, біз саяси бәсекелестік пен саяси қатысу сияқты демократияның маңызды сипаты (қатар немесе әртүрлi уақытта дамуы) мәселесiне ерекше көңіл аударуымыз керек.

Екінші өзекті мәселе, Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуге қатысты. Жалпы, біздің елімізде Президент өкілеттілігінің өзгеруі алғаш рет болып отырған жоқ, осыған дейін 5 жылдық және 7 жылдық мерзімнен екі рет қатарынан артық емес сайлану тәжірибелері болған, ал бір реттен артық сайланбау алғаш рет енгізілмек. Логикалық тұрғыдан 7 жылдық мерзімнен бір-ақ рет сайланудың тиімді тұстары көп. Президент екі мерзімге отырғанда, алғашқы кезеңінде болашақ сайлауды ойлап, рейтингті бұзудан қорқып, батыл реформалар жасамауға тырысады. Егерде 1 мерзім болса, сайланған Президент алаңдамай, өзінің пайымын нақты пысықтап жүзеге асыра алады. Әлем бойынша Президенттіліктің ең қысқа мерзімі - 4 жыл, ұзақ өкілеттік мерзім - 7 жыл, ал Президент бір реттен артық сайланбау үлгісі Оңтүстік Корея мемлекетінде сәтті жүзеге асып келеді.

Үшінші өзекті мәселе, биылғы күздің ең ірі саяси оқиғасы - сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды. Осыған орай, біз осы мақалада Мемлекет басшысы лауазымына кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне өзіндік талдау жасауды ұйғардық.


Қ.Тоқаев Қазақстан халқы атынан шешім қабылдау құқығын ғана басшылыққа алып келеді. 2019 жылғы мандаты 2022 жылы конституциялық реформа негізіндегі референдум арқылы қамтамасыз етілген. Осы кездер арасында Президент өзін елдің, халықтың мүддесін қорғайтын мемлекет қайраткері, әділдік үшін күрескер, дағдарысты тиімді басқарушы ретінде көрсетіп келеді.

Президенттік мерзімі басталған сәттен бастап еліміздегі өте қиын жағдайларда Қ.Тоқаев еліміздің мемлекеттілігін қорғап, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, әрқашан халықпен бірге (Қостанай, Арыс, Қаңтар, т.б.). Оның ұстанған бағыты - қашанда халықпен бірге болу. Президент - патриот, қазақ халқының перзенті.

«Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету», - деп жазды Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Мемлекет басшысының пайымдауынша, адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. 

2019 жылғы Президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы демократияны эволюциялық түрде дамытып келеді. Ең маңызды бастамалар – сайлау бюлетеніне «барлығына қарсымын» графасын енгізуі, партиялар үшін мәжіліске өтудің төменгі шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Президент экономика, әлеумет, саясаттың барлық саласын қамти отырып, Қазақстанды дамыту һәм әр қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғау үшін нақты бағдар ұсынып, қабылдап жатқан саяси шешімдері арқылы халық пен билік арасында жаңа қоғамдық келісімнің жасалуы жолында (5 саяси реформалар пакеті, конституциялық референдум), «Әділетті Қазақстан» төңірегіне топтастыруда, прогрессивті реформаларды жүргізуде батылдық танытып келеді. Президент ретінде Қ.Тоқаев елге, халыққа қызмет етуді өзінің ең биік мақсаты санайды. Оның барлық бастамалары, соның ішінде орта мерзімді перспективаға арналған бастамалары да халық игілігіне бағытталған. Әділетті Қазақстан құруда әрбір адамның мемлекет игілігін барынша көру тек әлеуметтік ғана емес, сонымен қатар саяси мәні бар мәселе екені анық. Әділет, теңдік ұғымдарының түсінігі өзгерген. Бұған Қазақстан ғана емес, әлем елдері дұрыс жауап берудің жолдарын іздеу үстінде.

Сондай-ақ, сайлау науқанында кандидаттың саяси имиджі үлкен маңызға ие екені белгілі. Саяси имидж - жағымды құбылыс, өйткені саяси көшбасшы мен электорат арасындағы алшақтықты қысқартып, тұрақты байланыс орнатуға үлес қосады. Бұл тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың электораттың сүйіспеншілігі мен мойындалуын қамтамасыз ететін көптеген жеке қасиеттері бар: көп тіл білетін эрудит, халықаралық дәрежедегі мықты дипломат, табиғатынан қарапайым, динамикалы, өзгерістерге бейім, өзін-өзі сынай алады және басқалардың сынын қабылдай алады. Үнемі итпен қыдырып жүретін фотоларына қарағанда жануар жақсы көретінін де байқауға болады.

Қорыта келе, жерге таяқ тасталды, сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды. Барлық Президенттікке үміткерлерге сәттілік тілейміз! Сайлау - халықтың билікке деген сенімінің және азаматтық қоғам деңгейінің көрсеткіші. Сайлауға қатысу - әрбір Қазақстан азаматының жауапкершілігі, елдің болашағына деген жанашырлық! Лайықты кандидатты тікелей еркін таңдау құқын жіберіп алмайық!

Меруерт Төлебаева, саясаттанушы