10 нау, 2023 сағат 13:24

Серік Күдебаев ауруханаға түсті: сот кейінге шегерілді

сурет ашық дереккөзден алынды

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев ауруханаға түсті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Генерал-майор Күдебаевқа қатысты үкім 10 наурызда шығуы керек еді. Алайда бұрынғы полиция басшысына қатысты сот отырысы кейінге шегерілді.

"Талдықорған қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушының ауруханаға жатқызылуына байланысты сот отырысы келесі аптаға шегерілді", - деді Жетісу облыстық сотының ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.

Күдебаевтың ауруханаға қандай диагнозбен түскені белгісіз.

Айта кетейік, Серік Күдебаевқа "билікті немесе лауазымды асыра пайдаланды" деген айып тағылып отыр. Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша оған орташа қауіпсіздік колониясында тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.