10 там, 2016 сағат 16:34

Шалғайдағы Шілікті шырайланып келеді - ШҚО

- Зайсаннан шалғайда жатқан Шілікті ауылдық округіне бес елді мекен қарайды. Олар: Шілікті, Тасбастау, Жалши, Кәкенталды және Қарасай ауылдары. 2 300 тұрғынға екі орта, бір орталау, бір бастауыш мектеп, мәдениет үйі, пошта, дәрігерлік емхана, төрт фельдшерлік пункт, тоғыз дүкен, екі наубайхана, шаштараз, дәріхана, мал сою алаңы қызмет көрсетуде. Қазіргі өлшеммен алып қарасақ, бұл - жақсы көрсеткіш.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «жаһандық дағдарыс - бұл тек қауіп емес, бұл жаңа мүмкіндіктер» деп атап өтті. Демек, дағдарыстан үрікпей, барлық күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыра білсек, бұл қиындықтан өтеміз. Өткенді саралап, алдағы атқарылар шараларды белгілеп, бағдарлы істерді қолға алып жатырмыз, - деді ауылдық округ әкімі Құрмет Сағиев.

Бұдан кейін ауыл әкімі өткен жылы ірі қараның 12682, қой-ешкінің 31 мыңнан асқанын, жылқы 3054 басқа жеткенін тілге тиек етті. Мұның алдындағы жылмен салыстырғанда ірі қара үш мың, ұсақ мал алты жарым мың, ал жылқы 624 басқа көбейген. Мал басын асылдандыруда да табыс баршылық. Өткен жылы 39 асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Осыншама малға 6 миллион теңге субсидия беріліпті. Екі шаруа қожалығы асыл тұқымды 41 қошқарға 328 мың теңге, 1230 аналық қойға 1 миллион 845 мың теңге субсидия алыпты. Ал жүнге 400 мың теңге субсидия алғанын естігенімізде, шынында да ауыл адамдарының еңсесін көтеруге арналған бағдарламалардың жемісін бере бастағанын аңғардық. «Жайлау» бағдарламасы бойынша қазіргі уақытта үш отбасы 300 бас қойды аман сақтап өсірген екен.

Болат Тұрғынов жетекшілік ететін «Нұртаза» шаруа қожалығы 250 ірі қара, 150 жылқы, бір мыңға тарта қойды өсіріп отыр. «Нұрдана» қожалығының иесі Серік Фазылов ірі қара өсірсе, Секен Шажаевтың «Алмаз» қожалығы бір жарым мың қойды бағып, ондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. 

Шілікті ауылдық округінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасы бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруға байланысты игілікті істер атқарылуда. Мәселен, Шілікті ауылында екі көшеге жарық тартылса, Тәуелсіздік көшесіне құм-тас төселіп, тұрғындар ризашылығын білдіруде. Себебі, бұрын бұл көше жауын-шашын кезінде лас болып, жүру қиынға түсетін. Жалши ауылының шетінен мал өлексесін тастайтын қорым іске қосылды. Шіліктіге ағын су әкелу мақсатында Зайсан қорған серіктестігі ауылға су арнасын бұрды. Ауыл мәдениеті мен спортын дамыту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ауыл тұрғындары мен кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен 1 миллион 45 мың теңгеге ескерткіш тақта ашылып, 270 адамның есімдері жазылды. Наурыз, Жеңістің 71 жылдығы, Балаларды қорғау күні, Қазақ хандығының 550 жылдығы, басқа да айтулы мерекелерге ауыл тұрғындары белсенділікпен қатысып, спорттық жарыстардың сәнін келтірді.

Ауыл әкімі «Туған жерге-тағзым» акциясының жыл сайын өтіп тұратынын айтты. Атап айтқанда, Құнапияновтар әулеті Шілікті орта мектебінің бір бөлмесін заманауи жабдықтап, бұл мақсатқа 1 миллион 750 мың теңге қаржы жұмсапты. Сол кабинетке ауданның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, бірнеше орденнің иегері, марқұм Қалым Құнапиянов ақсақалдың есімі берілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Сүлеймен Баймолдин, Қонай Нұрмұханбетов ақсақалдың ұрпақтары ат бәйгесін ұйымдастырып, марқұмдарға ас беріп, жерлестерін риза етіп тастады. Жарыс жеңімпаздарына автокөлік, мотоцикл, басқа да бағалы сыйлықтарды тапсырды. Тасбастау ауылының тумалары Қайрат, Дәлелбек Сағдолдиндер кіндік қаны тамған ауылына 6 миллион теңге қаржы жұмсап, имандылық үйін сыйға тартты. 

- Биыл - ұлы мереке, ел Тәуелсіздігінінң 25 жылдығы. Мерекелік шаралардың кестесін алдын ала жасадық. Барлық ауылдарда мәдени шаралар өтеді, спорт жарыстарына жұртшылықты белсене қатыстыру ойда бар. Шілікті ауылындағы Айжарық көшесін жарықтандыру, Тасбастау орталау мектебінің спорт залын, Шіліктідегі көшені жөндеу, қатты қалдықтар тастайтын орынды іске қосу, басқа да жұмыстарды атқарсақ деп отырмыз. Шілікті ауылдық округінің тұрғындары тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын толайым табыстармен қарсы алмақ, - дейді ауыл әкімі Құрмет Сағиев.


Оңдасын Елубай
ШҚО Зайсан ауданы

"Дидар" газеті