26 там, 2025 сағат 17:17

«Шешілмеген мәселелер әлі де бар, бірақ серпіліс байқалады» – Президент Жолдауы қалай орындалды?

Фото: Мәжіліс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет», деп айтқан болатын. Жолдаудың өткеніне бір жыл таяп қалды. Осы ретте Ult.kz тілшісі Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Самат Нұртазадан жолдаудың жүзеге асуы туралы сұрап білді.

Саясаттанушы әскерилерге жасалып жатқан жағдайдың өзі Жолдаудың жүзеге асып жатқанын көрсетіп отырғанын жеткізді.

«Әскерилерді баспанамен қамту, әр балаға берілетін ақы деген сияқты әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктерден бастап, әскердің киім-кешегі, құрал-жабдықтары, қару-жарақтарына дейін жаңарып, жақсы қамтылған. Сарбаздардың ішер тамағының да сапасы артқан. Мұны біз барып жүрген шекара аймақтарынан да байқауға болады. Әрине шешілмеген мәселелер әлі де бар, бірақ серпіліс байқалады», деді Самат Нұртаза.


Сонымен қатар ол қорғаныс саласына қомақты қаражат бөлініп, реформа да керек екенін айтып өтті.

«Мысалы Әзербайжан бюджет ақшасының қомақты бөлігін әскерге жұмсап, кезінде айырылып қалған Қарабақты қайтарып алды иә? Қомақты ақша бөлінсе әскери сала дамиды. Мүмкін дамыған мемлекеттерден, мысалы Түркияның қару-жарақтарын сатып алып, біздің әскерлерге үйрету керек шығар. Қорғаныс саласын дамыту туралы Президент айтқан да, президент әкімшілігі мұны бақылап отыр да. Біздің жұмыс соның бәрі қалай істеліп жатқанын барып, қадағалау. Тексереміз, қадағалаймыз, есеп береміз», деді депутат С. Нұртаза.


Ал келесі Президент жолдауында қандай өзекті мәселеге басымдық берілуі керек екенін сұрағанымызда Самат Нұртаза халықтың тұрмысы, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы айтты.

«Бірінші кезекте қымбатшығық. Әлеуметтік мәселе айтылуы керек. Себебі ең басты мәселе әлеуметтік мәселе ғой. Нан мен сүттің бағасы қымбаттап, халықтың қалтасына ауыр тимеуі керек. Қалғаны бола жатар... Айтылатын мәселе көп қой. Халықтың несиесі артып, несиеге өмір сүріп жатқан адамдардың көп екені Президентке айтылған шығар. Сондықтан да сондай әлеуметтік проблемаларға алдағы жолдауда басымдық беріледі деп үміттенемін өз басым», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Самат Нұртаза.