24 сәу, 2026 сағат 16:04

Франция елшісі: Қазақстанмен атом энергетикасы мен экология бойынша ынтымақтастықты күшейтуді көздейді


Фото: Ult.kz

Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясындағы көрмеге Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге қатысып, француз компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында елші журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қоршаған ортаны қорғау, энергетика және су ресурстары саласындағы Францияның тәжірибесі туралы айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Елшінің сөзінше, Франция экологиялық таза болашаққа көшу және қоршаған ортаны қорғау бағытында озық технологияларды кеңінен қолдануда алдыңғы қатарда тұр. Бұл мақсатта елде жасыл транзитке көшуді жүзеге асырып жатқан ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Сондай-ақ Франция атом энергетикасы саласында жетекші елдердің бірі саналады. Қазіргі таңда елдегі электр энергиясының шамамен 70 пайызы атом энергиясы есебінен өндіріледі. Бұдан бөлек, гидроэнергетика да дамыған: Францияда 100-ден астам су бөгеті бар көрінеді. Жел энергетикасы, әсіресе теңіздегі жел электр станциялары да қарқынды дамып келеді.

«Бұл бізге дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Франция көмірді пайдаланбайды, электр энергиясын өндіру үшін мұнай қолданылмайды. Сондықтан біздің энергетика саласы Париж келісімі аясындағы климаттық талаптарды кезең-кезеңімен орындап келеді», – деді елші.


Сонымен қатар Францияда коммерциялық көліктерді электрлі көліктерге ауыстыру үрдісі қарқын алып отыр. Елші Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайды ескере отырып, таза энергия көздеріне көшу қажеттілігі артып келе жатқанын атап өтті.

«Астанадағы саммит аясында біз мұнай мен газға тәуелді емес энергия өндіру бойынша шешімдер ұсынып отырған француз компанияларын әкелдік. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне көзге түсіп отырмыз. Себебі Орталық Азия, Қазақстанда су ресурстары тапшылығы мәселесі өзекті. Біз өз шешімімізді ұсынуға қуаныштымыз», – деді ол.


Елшінің айтуынша, француз компаниялары су ресурстарын тиімді басқару, бөгеттер мен каналдар салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ұсыныстар енгізуде.

Бұдан бөлек, Франция Қазақстанмен қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы және Еуропалық Одақ аясында тығыз әріптестік орнатқан.

Атом энергетикасындағы ынтымақтастық

Елші Қазақстан мен Франция атом энергетикасы саласында серіктестікті дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті.

«Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі жиі көтеріліп жүр. АЭС салу жобалары бар екенін білеміз. Қазақстан тарапы түрлі ұсыныстарды, оның ішінде Франция ұсыныстарын да қарастыруға қызығушылық танытып отыр. Біз Қазақстан Үкіметімен белсенді диалог жүргізіп жатырмыз. Бұл тек өндіріс саласын ғана емес, білім беру және сараптамалық тәжірибе алмасуды да қамтиды», – деді Сильван Гиоге.


Оның айтуынша, Франция атом электр станцияларын басқаруда үлкен тәжірибеге ие және бұл бағытта білім мен тәжірибе бөлісуге дайын. Сондай-ақ университеттер арасында қос диплом бағдарламаларын енгізу және қазақстандық студенттерді атом энергетикасы саласында оқыту мәселесі қарастырылуда.

Қазақстан үшін қандай тәжірибе тиімді?

Қазақстанның көмірге тәуелділігі туралы сұраққа жауап берген елші Франция бұл бағыттан толықтай бас тартқанын айтты.

«Жақында біз көмірмен жұмыс істейтін соңғы электр станциясын жаптық. Қазір Францияда көмір арқылы электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар жоқ. Біз атом энергетикасы, су және жел энергетикасы, күн электр станциялары сияқты балама көздерге көштік. Сонымен қатар сатылап газға көшу тәжірибесі де бар», – деді ол.


Халықаралық ынтымақтастық және су ресурстары

Елші One Water Summit аясындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Оның айтуынша, 2024 жылдың соңында Сауд Арабиясында өткен саммит барысында Франция, Қазақстан және Сауд Арабиясы су ресурстарын басқару мәселесін бірге көтерген.

«Қазақстанмен су ресурстарын басқару бағытында тығыз іскерлік байланыс орнаған. Біз бұл мәселені халықаралық күн тәртібіне шығарып, басқа елдерді де жүйелі түрде жұмыс істеуге шақырып келеміз», – деді елші.


Айта кетейік 22-24 сәуірі аралығында Астанада қоршаған орта мен су ресурстары проблемаларын талқылау және өзекті мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізу үшін мемлекет басшыларын, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілері бас қосқан алғашқы Өңірлік экологиялық саммит өтуде.