23 ақп, 2026 сағат 16:07

ШҚО-да жеке үй аумағынан аса ірі мөлшердегі марихуана табылды


Фото: Ашық дереккөз


Катонқарағай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудан аумағында есірткі заттарының заңсыз сақталуы туралы жедел ақпарат келіп түскен, деп хабарлайды баспасөз қызметі


Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жер үй мен оның іргелес аумағын тексеру кезінде шаруашылық құрылыстарының бірінен жасырын орын анықталды.


Полиция қызметкерлері бастырма астындағы ас үй орындығының ішінен үш полимерлі пакетті тапқан. Пакеттердің ішінде ерекше иісі бар, қоңыр-жасыл түсті өсімдік тектес зат болған. Сонымен қатар басқа үй-жайдан есірткі шегуге арналған құрылғылар табылып, тәркіленді.


Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — жалпы салмағы 1,7 келіден асатын кептірілген марихуана екені белгілі болды. Бұл көрсеткіш есірткі заттарының аса ірі мөлшеріне жатады.


Полиция қызметкерлері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Егер сізге есірткі құралдарының заңсыз айналымы туралы фактілер белгілі болса, дереу “102” нөміріне хабарлауыңызды сұраймыз.