26 қыр, 2016 сағат 14:20

ШҚО-ның Бесқарағай өңірінде берекелі істер көп

- Бесқарағай ауданында күзгі жиын-терін науқаны қызып тұр. Алажаздай алқап басында еңбекпен таңын атырып, кешін батырған шаруалар бұйырған несібелерін шашау шығармай жинауға кіріскен.    

Егіс даласындағы жұмыстардың барысын көзбен көріп, диқандар қауымымен жүзбе-жүз тілдескен облыс әкімі Даниал Ахметов қарағайлы өңірде іске асырылып жатқан өзге де игілікті істердің куәсі болды, деп жазады «Дидар» газеті.   

Алдымен аймақ басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алып, бақшалық дақылдарды өсіріп отырған қытайлық «Long xin» («Лун Син») жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын тіреді. Жер телімдерінің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына ерекше мән берген облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ бұл орайда шетелдік компания тарапынан жіберілген кейбір заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді қатаң сынға алды. Мамандардың айтуына қарағанда, халықаралық сауда компаниясы мәртебесін еншілеген серіктестік жалға алған телімдерін пайдалануда заңбұзушылықтар жіберуі себепті бір миллион теңгеден астам сомада айыппұл төлеген.    

- Жауапты орындардың өкілдері не істеп жүрген? Заң талаптарын бұзуға жол берілмеуі керек. Айыптыларға тиісті жаза қолданылсын. Ал жіберілген қателікті дереу түзетілсін. Сонымен қоса, шаруашылықтың ауыспалы егіс алқабы туралы нақты жоспары, жермен қалай жұмыс істейтіндігін көрсететін құжаттары болуы керек. Ол болмаған жағдайда егістік көлемін ұлғайтуға рұқсат етілмейді, - деп түсіндірді облыс әкімі.

Ресми дерекке сүйенсек, «Long xin» ЖШС-ге өткен жылы алты мың гектардан артық жер телімі берілген. Оның төрт мың гектардан астамы егістік алқап болса, екі мыңнан астамы жайылым екен. Негізінен бұл серіктестік қарбыз, қауын, кәді, асқабақ, соя және күнбағыс өсіреді. Бір қызығы әлгі дақылдардың өзін емес, тек дәнін жинап алып, кептіріп, арнайы қаптарға салып Қытайға жөнелтеді.

Биыл алғаш рет тың жерге түрен салған шетелдік компанияның қарамағында қырықтан астам адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Көктем және күз маусымында жұмысшылардың саны екі жүзге дейін жетіп жығылады. Олардың бәрі ауданның ауылдық округтерінен келіп-кетіп істеп жүр. Алатын табыстары да жаман емес. Әр адамға күніне 3500 теңге төленеді және тегін тамақ беріледі. Ал тұрақты жұмысшылардың айлық табысы 80 мың теңгеге таяу.
- Түсім орташа. Мәселен, күнбағыстың гектарынан 18 центнерге дейін алу жоспарланса, асқабақтың әр гектарынан бір тонна өнім түсуде. Ал қарбыздың бір гектарынан бес центнерден айналады. Алайда, сояның шығымы нашар. Гектарынан ары кетсе бес центнер ғана түседі, - дейді «Long xin» ЖШС бригадирі Жолтай Ақайұлы. 

Иә, арамшөп басқан алқапта өскен сояның мол түсім бермесі бесенеден белгілі. Оның үстіне топырақтың өңделуі де көңіл көншітпейді. Мұны көрген аймақ басшысы шетелдік серіктестерге алдағы уақытта Бесқарағай өңірінде жұмыс істегілері келсе, жерді пайдаланудың барлық талаптарын бұлжытпай орындауды ескертті.

- Егер жерді тиімді игерудің нақты бағдарламасы әзірленбесе, аграномдар егіс басында жұмыс істемейтін болса, қойылған талаптар орындалмаса, жалға берген телімдерді қайтарып аламыз, - деп шетелдік компания өкілдеріне шегелеп тұрып жеткізген облыс әкімі топырақты тыңайтуда қытайлық тыңайтқыштарды қолдануға тыйым салынатынын да ашық айтты. 

Салыстырмалы түрде алсақ, дәл осындай топырақ құнарлығы бар Тарбағатай ауданында сояның бір гектарынан 50 центнерден астам өнім жиналған. Демек, осынша түсім алуға Бесқарағайда да мүмкіндік бар. Тек егіншілікті талапқа сай жүргізу қажет.

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ техникалардың жағдайын көріп, жиын-теріннен мұрындарына су жетпей жатқан еңбекші қауымымен де сөйлесті. Шаруашылықта «John Deere», «Dongfeng», «Беларусь» маркалы 32 трактор мен топырақты аударатын, майдалайтын, тұқым себетін, өнім жинайтын және басқа да қызметтер атқаратын агрегаттар бар екен. Жаңа техникалардың егіс даласына шыққанына бір жыл уақыт өтпесе де тракторлардың жағдайы сын көтермейді. Моторынан май аққан, есік-терезелері жоқ алқам-салқам. Облыс әкімі мұны да қатаң сынға алып, қолдағы дүниелерге ұқыптылықпен қарау керектігін жеткізді.

Сұранысқа ие мамандарды оқыту керек

Аудан орталығында орналасқан Бесқарағай колледжі - ауыл шаруашылығы саласындағы 10 түрлі мамандық иелерін даярлайтын жалғыз қара шаңырақ. Мекеме басшысының міндетін атқарушы Сергей Голяндиннің айтуынша, 420 орынға арналған оқу орнында қазір барлығы 160 адам оқиды. Штаттағы қызметкерлер саны -57. Әкімшілік және оқу корпустарын, спортзал, асхана, шеберхана, пәндік кабинеттерді аралап шыққан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ колледж басшылығына кадр даярлау мәселесін алдымен сұранысқа ие мамандықтарды зерттеп, талдау жүргізгеннен кейін барып қолға алуға тапсырма берді. 

- Ауылдық жерде жұмыс табыла бермейтін аспазшы, даяшы мамандарынан гөрі барлық ортада жоғары сұранысқа ие электрик, дәнекерлеуші, токарь сияқты кәсіп иелерін оқытқан дұрыс. Ұрықтандырушы мамандар да көп емес қазір. Оқытып қана қоймай, олардың еңбекпен қамтылу мәселесін де ұмытпаған жөн. Колледж басшылығы осыны қаперге алсын. Алдымен еңбек нарығына талдау жасасын, соған сәйкес кадрлар даярлайды, - деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі аудандық Достық үйіне тоқтап, этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімді насихаттап, нығайтуға зор үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ, аудан тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. 
Зейнеткер, қоғамдық кеңес мүшесі Владимир Козинский Бесқарағай өңірінің үштен бірі жасыл желекпен көмкеріліп жатқанын айта келе, орман шаруашылығын дамыту үшін кадр тапшылығы, жұмысшылар еңбекақысының мардымсыздығы және әлеуметтік қолдаудың жетіспеушілігі сияқты проблемаларды тілге тиек етті. Ал аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Омаров Қоянбай ауылы мен Ресей арасындағы тоғыз шақырымдық көлік жолын облыс балансына беріп, жөндеу жүргізуге көмектесуді сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы айтылған мәселелердің бәрі де ескерусіз қалмайтынын, қаржылық мүмкіндіктерге қарай шешімін табатынын жеткізді.

«Балкенің» техникалары сақадай-сай

Мүйізді ірі қара малын көбейтіп, өсімдік шаруашылығының тасын өрге домалатып отырған «Балке» шаруа қожалығы - аудандағы іргелі нысандардың бірі. Іскер азамат Оралбек Тоқашев басқаратын қожалық өз өнімдерін Бесқарағай өңіріне ғана емес, сонымен бірге, облыстың басқа да аудан-қалаларына жеткізуде. Әсіресе, іргеде тұрған Семей қаласы сапалы ауыл шаруашылығы тауарларын өткізуге таптырмас нарық. 

Жалпы саны 700 бас ірі қара малына арналған екі ферма мен сыйымдылығы 100 тонналық көкөніс сақтау қоймасы, егістік алқабы, шабындығы, ең бастысы, шетелде шығарылған заманауи техникалардың түр-түрі бар бұл шаруашылық мемлекеттің көмек-қолдауы арқасында өркен жайып, берісі аудан, арысы облыс экономикасының дамуына үлес қосуда. Жақында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес АҚШ-тан «Т-L» маркалы жаңбырлатып суару қондырғысын (шеңбер жасап қозғалатын) сатып алған. Мұның сыртында қуатты трактордан бастап жүгеріні шауып, жинайтын, көкөністердің көшеттерін отырғызатын және басқа да қызметтер атқаратын жаңа техникалар кешенін шетелден әкелген. Қаңырап тұрған нысанды сауын сиырларын ұстайтын үлкен қора етіп қайта жөндеген қожалық басшысы сүт сауатын қондырғының да озық үлгісін алыпты. Ендігі шешілмей тұрған бір ғана мәселе бар, ол - жаңа фермаға электр қуатын жеткізу. Бұған шамамен 75 млн. теңгедей қаражат керек екен. Шаруа қожалығын аралап көрген аймақ басшысы «Балкеде» өсімдік пен мал шаруашылығын қатар алып жүруге барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

- Былтыр Бесқарағай ауданында жұмыс сапарымен болып, аралағанмын. Содан бері мұнда біршама жұмыстар атқарылғаны байқалады. Айталық, «Балкенің» шаруашылығымен танысқан кезде Оралбек Тоқашевке тауарлы-сүт фермасын құру, агротехникалар кешенін жасақтау тұрғысында біраз ұсыныстар айтып, тапсырма бергенмін. Міне, биыл соның бәрі орындалыпты. Көңілім толды. Жалпы, аудандағы қолға алынған жұмыстар, тындырылған істер қуантады. Өзіміздің және шетелдің кәсіпкерлері ауданға келіп, ауыл шаруашылығына инвестиция салуы да өңір экономикасына оң ықпалын тигізетіні түсінікті. 

Сондай-ақ, биыл алғаш рет осы ауданда майлы және бақшалық дақылдар өсіруді бастаған қытайлық компанияның жұмысы ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Әрине, ішінара кемшіліктер жіберілген және оның бәрі түзетіледі. Олқылықтардың орны толтырылады. Ал жалпы алғанда олардың ұстаған бағыттары дұрыс, - деп түйген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аудандағы бастамалар ары қарай өзінің жалғасын таба беретіндігін мәлім етті. 

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Елім-ай» демалыс базасында болып, туризм саласындағы жобалармен танысты. 

Серік Әбілхан