21 ақп, 2023 сағат 10:24

"Шөлдаладағы" сарбаз өлімі: адвокаттың мәлімдемесі расталған жоқ

Фото:gov.kz

Бас әскери прокуратура былтыр тамызда "Шөлдала" шекара заставасында өз-өзіне қол жұмсаған 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты істің мән-жайын бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, билікті асыра пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сол заставаның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі күдікке ілінген. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, ол Бекбол Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан.

"Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда.

Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқасы, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық мүмкіндігі тексерілді. Алайда бұл дерек расталмады.

Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды. Адвокат С. Пралиевтің қылмыстық істің мән-жайын жариялауға қатысты әрекеттерінің заңдылығын уәкілетті орган, адвокаттардың тәртіптік комиссиясы қарайды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі өзге де ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.

Еске салайық, қаңтарда сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық істің егжей-тегжейін айтқан адвокат этиканы бұзды деп айыпталған еді.