05 шіл, 2017 сағат 10:50

Шымкентте Астана күніне орай Елбасы туралы қос кітаптың тұсауы кесілді

Бүгін Шымкенттегі облыстық орыс драма театрында «Асқақтай бер, Астана!» атты салтанатты іс-шара өтті. Шара аясында еліміздің тәуелсіздігі мен тарихын, жетістіктерін насихаттайтын «Жаһан таныған жеті тұлға», «Тұлға.Тәуелсіздік.Тарих» атты «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген екі кітаптың тұсауы кесілді. Бұл туралы ОҚО əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев екі кітаптың мазмұны мен мәніне ерекше тоқталып, жиналғандарды Астана күнімен құттықтады.

 «Бүгін тұсауы кесілген «Жаһан таныған жеті тұлға» - аты айтып тұрғандай әлемге әйгілі болған реформаторлар туралы кеңінен толғанып жазылған дүние. Әрине олардың ортасынан ойып тұрып орын алған Ұлы дала перзенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырудағы қиын да, күрделі кезеңдерден жол тауып шыққандығы баяндалады. «Тұлға.Тәуелсіздік.Тарих» атты кітаптың да өзіндік ерекшелігі бар. «Ордабасыға оралу» деген алғашқы бөлімде Елбасының қасиетті мекенге табан тірегені турасында толғанатын тұстар көп»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.

 Жалпы, «Тұлға.Тәуелсіздік.Тарих» атты кітап үш бөлімнен тұрады. Аталған туындыда «Ордабасыға оралу» деген алғашқы бөлімде Елбасының қасиетті мекенге табан тірегені турасында толғанатын тұстар жан-жақты қамтылған.   Кітаптың екінші бөлімінде Елбасымыздың шетел басшыларымен оңтүстікте кездесулері сәтті суреттерімен  әңгімеге арқау болған. Ал үшінші бөлімде мемлекет басшысының облысымызға 1991 жылдан басталған сапарлары жан-жақты баяндалады. Басылымға таяудағы оңтүстік өңіріне жасаған сәуірдегі сапары да енгізіліп отыр.

"Жаһан таныған жеті тұлға" кітабының авторы Абай Ескендіров аталған туындыны 4 жылда жазып шыққанын айтады.  656 беттен тұратын туындыда тарихи тұлғалардың ел басқару үрдісіндегі ғибратты ғұмырлары әңгімеге арқау болған. Жер жаһанға аты мәлім жеті тұлғаның өз отандастарының да, жатжерліктердің де санасында серпіліс тудырған тағдырлары ешкімді бейжай қалдырмайды.

"Кітаптың жалпы мазмұны -жаһан таныған жеті тұлға хақында. Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Унистон Черчилль, Мұстафа Кемаль, Шарль де Голль, Ли Куан Ю, Нұрсұлтан Назарбаев сынды ұлы жеті тұлғаның ерен еңбектері жан-жақты қамтылған"-, дейді кітап авторы Абай Ескермесұлы.

Шара барысында облыс əкім қос кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан "Қазығұрт" баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаевты, "Тəуелсіздік, Тұлға, Тарих" құрастырушысы Асылбек Досалыны, «Жаһан таныған жеті тұлға» кітабының авторы Абай Ескендіровке алғыс хатпен марапаттады. Шара соңы  театр фойесіндегі «Мәңгі жайнай бер, Астана!» тақырыбындағы кітап және фото көрмесіне жалғасты.