05 қаз, 2017 сағат 13:18

«Шыңырау» фильмінің түсірілімі аяқталды

Әбіш Кекілбаевтың ең танымал повесі «Шыңырау» арқау болған, режиссер Жәнібек Жетіруов түсірген фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталды.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильм қазір монтаждау кезеңінде тұр. 

- Комедия және экшн жанрындағы фильмдердің сұрнасықа ие екеніне қарамастан, Ә.Кекілбаевтың, классикаға айналған «Шыңырау» шығармасын үлкен экраннан көрермен назарына ұсынуды жөн деп таптық.  Бұл пәлсапалық картинада көрініс тапқан көркем декорациялар, костюмдер және көз тоярлық әдемі табиғат аясындағы романтикаға толы сахналар, жануарлар қатысқан сахналар, Каспий теңізі, сырға толы Маңғыстау өңірі ешқандай көрерменді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын. Меніңше, біздің фильм өз ұлтының тарихынан хабардар, классикалық әдеби шығармаларды ұнататын, терең ойланатын аға буын мен жас буын көрерменге арналған фильм. Сондай-ақ,бизнесмендермен қатар, қарапайым еңбек адамдарына да біраз ой тастайтын фильм. Және де фильмді көрген адам осы өңірге жаңаша көзқараспен қарап, осы аймақтың табиғатын сақтап қалудың жолдарын қарастыруға ықпал етеді, - деді фильмнің режиссері Жәнібек Жетіруов. 

Режиссердің айтуы бойынша фильмның монтаждау кезеңінде көптеген жұмыс атқарылған. Олар: дубльдерді таңдау, сахналар мен эпизодтардың қатарын нақтылау, сахнаның және жалпы фильмнің ритмін анықтау. Фильмді дыбыстап, сахна бойынша қажетті музыка мен шу жазған.  Және кейіпкерлерді дыбыстау үшін дауыстар таңдалып, кастинг жүргізілген. Аталмыш кастингке жүз актер қатысқан. 

- Картинада бір қатар драматургиялық қақтығыстар бар. Ол: көзқарастар мен сенімдер қақтығысы, отбасылық қақтығыс, адамның өзімен қақтығысы, дүниетаным қақтығысы, құдық қазушылардың арасындағы қақтығыс, түсініспеушілік. Фильмдегі пікірлестер, достар, одақтастардың өзара келіспеушілігінің соңы үлкен қақтығысқа ұласады және тереңіне бойлаумаудың, сондай-ақ,  орын алған жағдайды қабылдамаудың кесірінен көптеген қиындықтарға тап болады.. Фильмнің шиеленісі: әке мен бала арасындағы, ой мен жүрек, махаббат пен өшпенділік, жаңа мен ескінің қақатығысы.  Фильмнің бас кейіпкерлері – ауыр еңбектен қажыған құдық қазушы Еңсеп, керең болса да жаны ізгілікті қалайтын, адами қасиеттерге бай Оспан және жас қос ғашық Ақмоншақ пен Асылхан, - деп режиссер, фильмнің бас кейіпкерлерін сомдаған Алдабек Шалбаев, Асылхан Төлепов және жас актриса Айжан  Жетіру туралы айтып берді. 

Қазіргі таңда фильмнің компьютерлік графикасымен қатар, музыкалық әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Фильмнің музыказын композитор Арман Жайым жазады. Режиссердің айтуы бойынша, картинада көп классикалық музыка және композиторлардың танымал шығармаларының өңделген нұсқалары болады. 

Айта кетсек, фильм жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамында қалыптасқан әлеуметтік проблемаларды қозғайды. Жартылай отырықшы және көшпелі тұрмыс кешетін қазақтардың арасын жалғастырып жүрген басты кейіпкер Еңсеп шыңыраудан құдық қазып, Үстіртте аты шығады. Еңсеп бай, ауқатты адамдардың құдығын қазып, кедей кепшіктердің тапсырыстарына ат үсті қарайды. Осы тәкаппарлығы өзіне кесір болып, ол ақыры жұмыссыз қалады. Ауылға Бұхара жақтан көшіп келген қалпақ деген біреу, Еңсептің орнын басып, Үстіртте ең терең құдық қазады. Бұл Еңсептің қызғанышын оятады. Ол одан да терең құдық қазам деп, ақыры бәсеке түбіне жетеді.

Фильм туралы ақпарат: 
Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ 
Фильмнің аталуы: «Шыңырау» 
Жанры: Драма 
Тілі: Қазақ тілінде 
Сценарий авторы әрі режиссері: Жаңабек Жетіруов 
Қоюшы-операторы: Рифкат Ибрагимов 
Продюсері: Ертай Рахманбердиев