Фото: Majid Asgaripour / WANA / Reuters
Таяу Шығыстың бірқатар елдеріндегі әскери-саяси ахуалдың ушығуы жағдайында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі күшейтілген режімде жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы ҚР СІМ мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Өңірдегі шет елдердегі мекемелердің дипломаттары жағдайдың дамуын үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдары және ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста болып, әуежайларға жүйелі түрде баруда.
"Төтенше байланыс желілері мен мессенджерлердегі жедел чаттар арқылы азаматтармен тәулік бойы байланыста болу арқылы дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері өңірде және транзиттік аймақтарда орналасқан қазақстандықтардың тізімдерін тұрақты түрде жаңартып отыруда.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ", делінген хабарламада.
Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында Қазақстан азаматтарының ең көп саны танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлары орындары, сондай-ақ транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Оның ішінде БАӘ-де шамамен 3 500 адам, САК - шамамен 3 000 адам және Қатарда 1 500-ге жуық адам.
Өңірдің басқа мемлекеттерге келсек, дипломатиялық өкілдіктердң ақпаратына сәйкес Иранда 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде – 168 азамат, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген.
Әскери іс-қимылдар басталғаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалдаушылары рейстерді тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, БАӘ қонақүйлерінде біздің азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген.
Бұған дейін хабарланғандай, шиеленіс аймақтарынан қазақстандықтарды ықтимал эвакуациялау бағыттары мен шаралары пысықталуда. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік органдары өз бетінше қозғалмауға кеңес береді.
Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына, атап айтқанда қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетілетін болады.
Бұған дейін Тегеран қаласынан «Заркух» компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда, Қазақстанның 50 азаматы шығарылды.
