10 там, 2016 сағат 19:43

Сиявуштың сүйем жері бос жатқан жоқ

Он үйлі Қарабұлақтың түтінін түзу ұшырып, кіндік кескен ауылының құрып кетпеуі үшін барын салып еңбек етіп жүрген азамат бар Күршім өңірінде. Аты-жөні – Сиявуш Дүсіпов. «Нұрали» шаруа қожалығының иесі.

Құрылғанына үш жыл ғана болған шаруашылық қазір ауданның тұтынушыларын сапалы жемшөппен, оның ішінде дәнді дақылдармен шама-шарқынша қамтамасыз етуде. Әсіресе, мал және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар «Қарабұлақтың егіні қашан піседі?» деп күтіп жүреді. 
– Қандай да бір өнімді өндірген соң оны өткізудің де жолын ойлау керек қой. Бұл тұрғыда бізде ешқандай проблема жоқ. Астықты алысқа бармай-ақ Күршім ауылының қожалықтары мен жеке тұрғындары талап әкетеді қысқа жеткізбей. Кейде алдын ала тапсырыс беріп жататындар да бар. Өйткені, біздің өнімнің сапасы жақсы, бағасы да қолжетімді, – дейді Сиявуш.

Қазір «Нұрали» қожалығының иелігінде 1,5 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жалға алған жер телімі бар. Оның 560 гектары егістік болса, 800 гектардайы жайылымдық, қалғаны шабындық. Осы жыртылатын 560 гектар жердің 400-іне арпа егілсе, қалған бөлігіне сұлы, бидай, қарақұмық тәрізді дәнді дақылдар, сондай-ақ, картоп өсіріледі. Алдағы уақытта еңбекқор азамат егістік алқаптың аумағын 1,5 мың гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр.

– Негізінен жауын-шашынды болып келетін бұл өлкенің климаты қыстық бидай өсіруге тиімді. Өйткені, жаздай жауған жаңбырмен жайқалып шыққан егін дер кезінде пісіп үлгермейді. Ал толық піспеген астық ылғалданып, көгеріп, құнарын жоғалтады. Бұл әрине, үлкен шығын. Сондықтан біз Сиявушқа мүмкіндік болса қыстық бидайға көшуге кеңес беріп отырмыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серікқан Ашманов бітік шыққан арпа алқабын аралап келе жатып.

Мамырдың соңына қарай жерге сіңірілген арпа тұқымы түгін тартсаң майы шығатын құнарлы қара топырақтың ылғалымен тез жетіліп, тізеге дейін бой көтеріп қойыпты. Тақияңды тастасаң тұрып қалатын бітіктігі өз алдына. Бұйыртса, биыл арпаның әр гектарынан 20 центнер өнім түсуі керек деген болжам бар. Әрине, мұның бәрі ауа райы мен Жер-ананың жомарттығына байланысты. Шаруа қолынан келгеннің барлығын жасап-ақ жатыр. Тұқымды сұрыптап, сапалысын ғана екті. Топырақты тыңайтуды да естен шығарған жоқ. Барлық технологияларды бұлжытпай орындады. Енді тек егінін қарауылдап, Жер-ананың жомарттығына үміт етсе болғаны. Күзде ырысын ысыраптамай жинап алу үшін техникалар мен жұмысшылар жеткілікті. Қазір мұнда 12 адам еңбек етіп жүрсе, маусымдық жұмыстарда олардың саны 30-ға дейін барады. Ал техникаларды Сиявуш банктен бір тиын да несие алмай меншікті қаражатқа сатып алған. 

Жалпы, «Нұрали» шаруа қожалығын құрып, аяғынан тұрғызуға шамамен 100 млн. теңгедей меншікті қаражат жұмсалыпты. Бұл соманың 23 млн. теңгесіне судай жаңа комбайн, 30 млн.-нан астам теңгесіне шағын трактордың бірнешеуін және ауыл шаруашылығы техникаларының басқа да түрлерін, агрегаттар сатып алған. 18 млн. теңгеге үлкен ангар салғызған. 

Диқаншылықпен шектеліп қалмай, мал өсірудің де дәмін татып көруді көздеп жүрген Сиявуш Дүсіповтің болашақ жоспарлары көп екен. Бізбен әңгіме барысында солардың бірсыпырасын айтып берді. Жалын төгілтіп жылқы өсірсем дейді. Тұқымы асыл етті-сүтті сиырлардың жүз басын ұстап, тауарлы-сүт фермасын құрсам дейді. Жиналған сүтті қалаға тасымай жергілікті жерде өңдеп, әртүрлі ақ тағамдарын шығаратын шағын кәсіпорын ашсам дейді. Тозып тұрған ауыл клубын наубайханаға лайықтап қайта жөндеп іске қоссам дейді. Бұған шамамен екі-үш млн. теңге қаражат керек. Бұл күнде клуб ғимаратының еденін тегістеп бастапты. Күзге қарай құрылыс толық аяқталып, наубайхана ашылады. Ол жерде жұмыс істейтін адамдар алақандарын ысқылап дайын отыр ауылда.

Сондай-ақ, Ресейден бағасы бес млн. теңге тұратын қондырғы сатып әкеліп, күзге қарай қарақұмық өңдеуді қолға алмақшы. Өңделген қарақұмықты арзан бағамен тұрғындарға саудаламақ. Аталған тауарға сұраныс жоғары көрінеді ел ішінде. 

Картоп ғана емес, қыста жақсы сақталатын қызылша, сәбіз, пияз, сарымсақ сияқты көкөніс түрлерін де өсіруге ден қоймақшы.
Айтпақшы, шаруа қожалығының басшысы ауыл шетіндегі аумағы атшаптырым тоғанға ақ амур балығының бір мың шабағын жіберіп қойыпты. Шабақтар тоған суына жерсініп, жап-жақсы өсіп келеді. Бұған қоса шағын омартасы және бар. 

Ұзын сөздің қысқасы, тіршілігі бар жігіт қарап жатқан жоқ. Өзінің иелігіндегі жердің бір сүйемін де бос қалдырмай игеруде. Ауылдық жерде істеуге болатын барлық кәсіпті қорықпай қолға алып, шаруашылығын шалқытып ұстауда. Мінезі қарапайым, қолы ашық, ақжарқын азамат Сиявуш керек кезде ауылдастарына қол ұшын беріп, көмектесуді өзінің парызы санайды.

Серік Әбілхан

Күршім ауданы.

"Дидар"