28 қаң, 2026 сағат 16:11

Снежанна Имашева: Конституцияға ұсынылған түзету сөз бостандығын шектеуді көздемейді


Фото: t.me/konstituciyalikreforma

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауға қатысты Конституцияға түзету енгізу бастамасы сөз бостандығына қарсы емес, керісінше қарапайым азаматтарды интернеттегі қорлаудан қорғауды көздейтінін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

"Неге бәрі мұны бірден шенеуніктерді сынауға тыйым салу деп қабылдады? Мүлде олай емес. Мұнда жалпы адам туралы айтылып отыр. Сын мен қорлауды ажырата білу керек. Мысалы, шенеуніктерді сынауға болады. Оларға жағымсыз сөздер айтуға болады. Бұл олардың қадір-қасиетін қорлау болып саналмайды", – деді ол. 


Ал әлеуметтік желілерді күнде пайдаланатын қарапайым адамдар көбіне тек сынға емес, нақты қорлауға ұшырайтынын жеткізді депутат.

Сондай-ақ ол идеяның өзін емес, мені талқылай бастады деп назын да білдірді. Снежанна Имашева егер бұл норманың қабылдануына журналистер ресми түрде келіспейтінін білдірсе өзгеруі немесе мүлде алынып тасталуы мүмкін екенін айтты.

"Біз мұны не үшін сіздерге, журналистерге айттық? Өйткені бұл бап сөз бостандығына қатысты. Сондықтан, өтінемін, ұсыныс беріңіздер", – деді ол.


26 қаңтар күні Астанада Конституциялық реформа мәселелері бойынша комиссияның екінші жиыны өтті. Аталған отырыста Мәжіліс депутаты Снежана Имашева бірқатар қосымша нормаларды енгізу туралы ұсыныс айтты.  Оның пікірінше, сөз бостандығы басқалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтары жүйесіне немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі керек.