11 там, 2025 сағат 14:34

«Спасск» оқу-жаттығу орталығында ауқымды әскери жиын басталды

Фото: ұйымдастырушылардан

«Астана» өңірлік қолбасшылығының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында ірі ауқымды әскери дайындық жұмыстары басталды. Оған Астанадан, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарынан азаматтар қатысуда, деп хабарлайды Ult.kz.

Жиынның басты мақсаты – Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, жұмылдыру резервін қалыптастыру және сұранысқа ие әскери мамандықтар бойынша кадрлар даярлау.

Әскери міндеттілер бұл кезеңде қызметтегі әскери қызметшілермен тең жағдайға ие болады: бірдей киім-кешек, толыққанды тамақтану, медициналық қызмет көрсетіледі. Жұмыс орындары мен лауазымдары сақталып, орташа жалақысы төленеді. Ал жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы беріледі.

– Жиында мерзімді қызмет кезінде жинаған машығымызды жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін меңгереміз, – дейді Ақмола облысы Бурабай ауданынан шақырылған Жомарт Жұмабек.


30 күнге созылатын дайындықта офицерлер әскери басқару бағытында, ал мамандар артиллерия, мотоатқыш, танк, зенит, жөндеу, тыл және байланыс бөлімшелерінде қайта даярланады. Соңғы кезеңде бөлімшелер, взводтар, роталар мен батальондар құрамында жауынгерлік үйлесімділік пысықталады.

Оқу-жаттығу барысында Қазақстан армиясындағы соңғы жылдардағы қару-жарақ пен техниканың жаңаруы, олардың технологиялық мүмкіндіктері мен тиімділігі ескерілмек.

Елдің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған бұл жиын тамыз айының соңына дейін жалғасады.