20 ақп, 2026 сағат 15:27

Спорт министрлігі: 2025 жылы Михаил Шайдоровтың даярлығына 260 млн-нан астам қаржы бөлінген

Фото: ҚР ТСМ

Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортшыларды даярлау кешенді әрі көпдеңгейлі мемлекеттік қолдау тетігі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрлік дерегінше, Олимпиадаға дайындық барысында бірнеше мемлекеттік органды қамтитын кешенді жұмыс жоспары әзірленген. Қаржыландыру оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, халықаралық жарыстарға қатысуға, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми сүйемелдеуге, спорттық киім-кешекпен қамтамасыз етуге, психологиялық дайындық пен жаттығу үдерісін ұйымдастыруға бағытталған.

Қазіргі таңда елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамытылуда. 2026 жылы Милан мен Кортина қалаларында өткен Қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 дисциплина бойынша өнер көрсетті. Олимпиадалық цикл аясында ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты.

Дайындық сапасын арттыру мақсатында 13 шетелдік маман тартылып, заманауи әдістемелер енгізілген. Нәтижесінде отандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай артқаны атап өтілді.

Мемлекеттік қолдаудың нақты мысалы ретінде министрлік олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың даярлығын келтірді. 2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығына 263 394 581 теңге бөлінген.

Атап айтқанда, 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бағытталған. Спортшының 2025 жылғы жалпы еңбекақысы 33 989 000 теңгені құраса, жеке бапкері Алексей Урмановқа 26 млн теңгеден астам қаражат төленген.

Хореограф И.В. Регинаның еңбекақысы 23 млн теңге болды. Бұдан бөлек, жарыс бағдарламаларын қою, костюм тіктіру және авторлық құқықтарды сатып алу шығындары қаржыландырылған.

Спортшы бұған дейін әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленген.

Министрлік мәліметінше, көшбасшы спортшыларды даярлау моделі оқу-жаттығу жиынынан бастап ғылыми-медициналық қамтамасыз ету мен материалдық қолдауға дейінгі кешенді қағидатқа негізделген. Атаулы қаржыландыру жүйесі қазақстандық спортшылардың қысқы спорт түрлерінде әлемнің үздіктерімен тең дәрежеде бәсекелесуіне мүмкіндік беріп отыр.