01 мам, 2025 сағат 13:14

Су тасқыны кезінде тұрғындарға көмектескен баланың ата-анасына айыппұл салынды


Фото: ТЖМ баспасөз қызметі


Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде квадрациклмен құм тасыған баланың ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды  облыстық полиция департаменті.


Бұған дейін 10 жастағы баланың видеосы желіде кеңінен тараған болатын. Ол Тепличный ауылын су тасқынынан қорғау үшін құм салынған қаптарды квадрациклмен тасыған. Жергілікті әкімдік жас көмекшінің видеосын да жариялады. Бірақ полиция видеоға түскен баланың ата-анасы заңды бұзды деген шешімге келді.


Полицейлер видеоның 26 сәуірде түсірлгенін анықтады. Сол күні Тепличный аулының жанындағы бөгетті құммен көтеру кезінде 34 жастағы аудан тұрғыны квадроциклді 10 жастағы баласына берген. Әкесі сол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 612-бабы, 5-бөлігі (Басқару құқығы жоқ адамға көлiк құралын басқаруға беру) бойынша жауапқа тартылды. Айыппұлдың көлемі – 196 600 теңге.


Осы орайда полиция су тасқынына қарсы шараларға атсалысып жатқан азаматтарға алғыс білдірді. Дегенмен заң талаптарын, соның ішінде балалардың қауіпіздігін ұмытпау қажет.