23 қар, 2023 сағат 12:14

Сүлейменов қымбатшылықтың негізгі себептерін атады

Фото: primeminister.kz

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияның өсуіне әсер ететін негізгі тәуекелдерді жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанда инфляция біртіндеп тұрақталып келеді. Сол себепті Ұлттық банк тамыз және қазан айларында базалық ставканы 16,75%-тен 16%-ке дейін екі рет төмендетті.

“Алайда, инфляция баяуласа да, ол таргеттен жоғары деңгейде тұр. Сонымен қатар, мынадай жекелеген тәуекелдерге ерекше назар аударған жөн. Біріншіден, сыртқы сектордағы тәуекелдер: әлемдегі базалық инфляцияның тұрақтылығы, жекелеген сауда әріптес елдер тарапынан инфляциялық қысымның артуы, мұнай бағасының жаһандық инфляцияға әсері және геосаяси тәуекелдер”, - деді Сүлейменов сенаттың жалпы отырысында.

Бұдан бөлек, халық арасында инфляция болады деген қауіп бар. Содан көбісі ақшаны жұмсамай, сақтауға тырысады.

“Екіншіден, ішкі экономиканы фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер тарапынан бағаларға қысым сақталып отыр. Сонымен бірге коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының өсуінен инфляцияның арту тәуекелі бар”, - деп атап көрсетті банк басшысы.