12 нау, 2026 сағат 11:05

Талмасы ұстап, рөлде есінен танған: Қызылордада полицейлер жүргізушіні аман алып қалды


Фото: ашық дереккөзден


Қызылорда облысында патрульдік полиция қызметкерлері көлік ішінде ес-түссіз жатқан 21 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.


Оқиға 9 наурыз күні таңертең болған. Патрульдеу барысында полиция қызметкерлері көше қиылысында жол жиегіне шығып кеткен автокөлікті байқайды. Көліктің дөңгелегі жарылғанын көрген олар мән-жайды анықтау үшін көлікке жақындаған.


Осы сәтте полицейлерге бір әйел жүгіріп келіп, көлікті басқарған інісінің кенеттен талмасы ұстап, рөлде отырған күйі ес-түссіз қалғанын айтып, шұғыл көмек сұраған.


Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары жас жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның есін жиғызған. Осылайша полицейлер 21 жастағы жүргізушінің өмірін аман алып қалды.


Кейін олар жедел жәрдем қызметін шақырып, жігітті дәрігерлердің қарауына тапсырған.