Фото: Сильван Гиоген / Қазақстандағы Франция елшілігінің баспасөз қызметінен
Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоген Қазақстанда өмір сүру оған ел тарихын тереңірек тануға мүмкіндік бергенін айтты. Ult.kz тілшісінің сұрағына жауап беру барысында ол жақында Алаш қозғалысы туралы кітап оқып, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының демократиялық құндылықтарды дамытудағы рөліне ерекше назар аударған.
«Мен бұл жаққа келмей тұрып-ақ Қазақстанның қандай ел екенін білетінмін. Алайда осы елде тұруым оның тарихына тереңірек үңілуіме себеп болды. Жақында Алаш демократиясы туралы бір кітап оқыдым. Онда ХХ ғасырдың басында Алаш идеясын жүзеге асыруға атсалысқан қайраткерлердің тек Қазақстанға демократиялық құндылықтарды енгізумен шектелмей, демократия идеясының түп-тамырына да үңілгені айтылған», – деген елші Алаш қайраткерлерінің Жан-Жак Руссо, Вольтер, Шарль де Монтескье сияқты француз ойшылдарының еңбектерін жақсы меңгергенін атап өтті.
Оның пікірінше, бұл дерек Қазақстан мен Франция арасында ХХ ғасырдың өзінде-ақ интеллектуалды байланыс болғанын көрсетеді.
Сонымен қатар ол Алаш демократиясының идеялық тереңдігіне жоғары баға беріп, бұл тақырып өзіне ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.
«Олар өз идеяларының бірқатарын XVII–XVIII ғасырлардағы француз философиясынан алған. Бұл дерек сол кезеңнің өзінде-ақ Қазақстан мен Франция арасында интеллектуалды байланыс болғанын көрсетеді. Алаш қайраткерлері тек Қазақстанның болашағын ойлап қана қоймай, Франциядағы саяси ойдың даму үрдістерін де назарда ұстаған. Алаш демократиясы туралы оқығанда ерекше әсер алдым», – деді Сильван Гиоген.
Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоген өз қызметіне 2024 жылы келген. Ол Франция мүддесі тұрғысында Париж бен Астана арасындағы саяси диалогтың, сауда-экономикалық және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етеді.
