16 сәу, 2026 сағат 11:05

Театр режиссері Есмұхан Обаев дүниеден озды

Фото: Әлеуметтік желіден
 Актер, театр режиссері, театр қайраткері, профессор Есмұхан Обаев өмірден өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

«Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек», — деп жазды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Есмұхан Несіпбайұлы Обаев 1941 жылы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында дүниеге келген. Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан.

1960 - 1964 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінің режиссерлік бөлімін үздік бітірген.

Н. Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», М. Горькийдің «Шыңырау түбінде», У. Шекспирдің «Асауға – тұсау», Ғ. Фаизидің «Башмағым», С. Құдаштың «Құдаша», У. Гаджибековтің «Аршын мал алан», О. Иоселианидің «Арбаң аман болсын», ұлттық классикадан М. Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Дос – Бедел дос», Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларын, Е. Рахмадиев, Ғ.Мүсіреповтің «Қайран, Майрасын», сондай-ақ, Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, С. Жүнісовтердің драмалық шығармаларымен қатар, драматургияға 1975-1990жж. келген жас буын өкілдері О. Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», Д. Исабековтің «Әпке», «Перизат», Т. Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Н. Оразалиннің «Тас киіктер», Р. Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде», «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог», Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді.

Ол Қазақ КСР Халық артисі (1988). Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1975). "Тарлан" тәуелсіз платинды сыйлығының лауреаты. Барыс, Парасат ордендерінің иегері. Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының лауреаты.