16 қаң, 2026 сағат 15:43

Тоқаев «Қазақстан темір жолы» басшысын қабылдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Кездесу барысында Президентке компанияның өткен жылғы қызметінің қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары таныстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевке берілген мәліметке сәйкес, 2025 жылы тарифтік жүк айналымы 10 пайызға артып, 289 миллиард тонна-шақырымды құраған. Ал тасымал көлемі 5,5 пайызға ұлғайып, 320 миллион тоннаға жеткен. Экспорттық тасымал 89 миллион тоннадан асып, жүк транзиті 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тонна болған.

Талғат Алдыбергенов былтыр пайдалануға берілген Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі арқылы 6 миллион тонна немесе 100 мыңнан астам вагон жүк тасымалданғанын баяндады. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жол учаскесінде техникалық қозғалысқа рұқсат етілгенін айтты.

Кездесуде теміржол инфрақұрылымын тарту және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтілді. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды. Компания қызметінде қауіпсіздік, тиімділік пен ашықтықты арттыру мақсатында жасанды интеллект негізіндегі цифрлық жобалар енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар тәлімгерлік институты жолға қойылып, жастардың кадрлық резерві жасақталғаны айтылды.

Президент теміржол саласындағы әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын қолдады. Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын трансформациялауды жалғастыру, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты күшейту, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу және мультимодальдық логистиканы дамыту үшін инфрақұрылымды кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.