Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды.
– Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды.
– Бұл шарттың мәнін былай сипаттауға болады: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет.
– Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кәсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент жуық арада шешуді қажет ететін басым міндеттерге тоқталып, ең алдымен, заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
– Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Біз қадағалаудың теңгерімді механизмін қалыптастыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілгеніне назар аударды.
– Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі аталған мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін арттыруға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі. Бұған қоса мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Осыған байланысты Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасап, оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауды келесі басымдық ретінде атап өтті.
– Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған. Яғни, бұл – шын мәнінде, қоғамдық келісім актісі. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдар арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуетті кәсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
– Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер. Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын, жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажет екенін тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.
– Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыз көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Жалпы, бізде салық қызметі мейлінше тиімді жұмыс істейді. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент салық түсімдерінде елеулі сәйкессіздік бар екеніне тоқталып, салық саясатын жетілдіру қажеттігін айтты.
– Еліміздегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзеу керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады және азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда бес миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясында түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, тексеруші органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы нақты индустрияландыруды қамтамасыз етуді келесі маңызды міндет ретінде айқындады.
– Күрделі және орнықты экономикаға өнімді орташа және жоғары деңгейде өңдеу сегменттерін белсенді игеретін өңдеу өнеркәсібі негіз болатыны белгілі. Сонымен қатар бұл бағытта кедергілердің көптігі кәсіпорындар «ғұмырының» ұзаққа созылмауынан байқалады. Елімізде екі жылдың ішінде ашылған компаниялардың төрттен бірі ғана нарықта қалады. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш басқа елдерде 70-80 пайызға тең. Көп жағдайда бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың әлі де жетілмегенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.