09 сәу, 2026 сағат 13:06

Тойдың несиесі кешірілді: сот қарызға батқан ананы банкрот деп таныды


Фото: fingramota.kz


Павлодар облысында той өткізу үшін несие алып, оны өтей алмаған әйел сот арқылы банкрот деп танылды, деп хабарлайды Ult.kz.


Арызданушы өзінің төлем қабілетсіз екенін алға тартып, сотқа жүгінген. Оның тұрақты табыс көзі жоқ, асырауында екі кәмелетке толмаған баласы бар. Әйел несиені 2019 жылы отбасылық шара өткізу үшін алған. Сотқа жүгінген сәтте берешек көлемі 6 344 644 теңгеге жеткен.


Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда әйел апелляциялық шағым түсіріп, істің қайта қаралуына қол жеткізді.


Сот алқасы қарыз сомасының заңда белгіленген шекті мөлшерден асатынын, бірнеше кредитор алдындағы міндеттемелердің орындалмағанын және берешектің 12 айдан астам уақыт бойы өтелмегенін ескерді. Сонымен қатар, қаржы басқарушысының банкроттық рәсімін қолдануға негіз жоқ деген қорытындысы негізсіз деп танылды.


Іс барысында борышкердің теріс пиғылы анықталмаған. Сот сондай-ақ жұмыссыздық пен табыстың болмауы банкроттықтан бас тартуға негіз бола алмайтынын атап өтті. Әйелдің қаржылық жағдайының нашарлауы объективті себептермен байланысты екені және бұрын өз міндеттемелерін адал орындағаны да ескерілді.


Нәтижесінде сот алқасы оны төлем қабілетсіз борышкер деп танып, бірінші инстанция шешімін жойды. Іс бойынша жаңа шешім қабылданып, әйелдің банкроттық туралы арызы қанағаттандырылды.