09 сәу, 2026 сағат 14:16

Туризм министрлігі америкалық блогерді арнайы шақырғанын жоққа шығарды

Фото: видеодан скриншот

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде америкалық танымал тревел-блогер Коннордың (@Camperghini) Қазақстан шекарасындағы қабылдауға көңілі толмағаны туралы ақпарат қызу талқыға түсті. Lamborghini Urus көлігін автоүйге айналдырып, әлемді шарлап жүрген саяхатшы «ресми шақырту алсам да, мені ешкім қарсы алмады» деп өкпесін білдірген еді. Алайда ҚР Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Блогер не деді?

Коннордың айтуынша, оны Қазақстанға келуге бірнеше ай бұрын шақырған және шекарада салтанатты түрде, ұлттық нақышта қарсы алуға уәде берген.

«Бізді ресми шақырғандарын біле тұра, шекарада "елге не үшін келе жатырсыңдар?" деп жауапқа алғаны өте оғаш көрінді. Бұл өте өкінішті, өйткені мен бұл елді әлемге жақсы жағынан көрсеткім келген еді», — деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.


Министрліктің ресми жауабы

Туризм және спорт министрлігі америкалық блогерді ведомство тарапынан арнайы шақырды деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Министрлік мәліметінше, ведомство қызметінде жеке тұлғаларды жекелей шақыру тәжірибесі жоқ.

Шетелдік қонақтар негізінен:

  • * Топтық ақпараттық турлар аясында;
  • * Арнайы туристік қауымдастықтар арқылы;
  • * Ресми өтініш негізінде шақырылады.

Министрлік өкілдері блогерден ешқандай ресми өтініш түспегенін қадап айтты.

«Келіссөз болды, бірақ келісім жасалмады»

Бұл мәселеге нүкте қою үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы да түсініктеме берді. Компания блогермен жеке хат алмасу болғанын растады. Дегенмен, екіжақты келіссөздер нақты келісімге келмей аяқталған. Яғни, блогер күткен «салтанатты қарсы алу» туралы ресми міндеттеме бекітілмеген болып шықты.

«Біз еліміздің туристік әлеуетін таныстыруға ниетті жандарға ақпараттық қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз, бірақ бұл жағдайда нақты келісім болған жоқ», — дейді «Kazakh Tourism» өкілдері.


«Реніш жоқ»

Коннор Қазақстан халқына деген құрметін жоғалтпағанын, елде достары көп екенін айта келе, шекарадағы келеңсіздікке қарамастан саяхатын жалғастыратынын жеткізді. Ол тіпті ренжудің орнына шекара маңында өздері үшін «қазақстандық мереке» ұйымдастырып, би билеп, көңіл көтерген.