28 мам, 2025 сағат 16:55

Трамп әкімшілігі студенттік виза беруді уақытша тоқтатты

Фото: ашық дереккөз

Трамп әкімшілігі АҚШ-қа виза алуға үміткер шетелдік студенттер үшін жаңа сұхбаттарды тағайындауды дереу тоқтатуды бұйырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Reuters хабарлауынша, мемлекеттік департамент АҚШ-тың бүкіл әлемдегі елшіліктері мен консулдықтарына студенттік және алмасу визаларына өтініштерді қабылдауды кейінгі бұйрықтарға дейін тоқтату жөнінде нұсқау жолдады.

Бұл шара бақылауды күшейту жоспарына байланысты қабылданды. Атап айтқанда, үміткерлердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын міндетті түрде тексеру қарастырылған.

Билік өкілдері өтініш берушілердің деректерін сәйкестендіру және растау рәсімдерін қайта қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырған.