16 қаң, 2026 сағат 11:35

Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін алды, бірақ лауреат атанбады

Фото: Ақ үй

АҚШ президенті Дональд Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл туралы америкалық көшбасшы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, ол Венесуэланың оппозициялық саясаткері Мария Корина Мачадомен екі сағаттан астам уақыт әңгімелескен.

«Бүгін Мария Корина Мачадомен кездесу мен үшін үлкен мәртебе болды. Ол – көп қиындықты бастан өткерген ерекше әйел. Мария маған Венесуэла бойынша атқарған жұмысым үшін өзінің Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін табыстады. Бұл – өзара құрметтің тамаша белгісі. Рақмет, Мария», – деп жазды Дональд Трамп.


Айта кетейік, бұған дейін Венесуэла президенті Николас Мадуроның тұтқындалуына байланысты Дональд Трамп Мария Корина Мачадоның ел ішінде қолдауы жоқ екенін айтқан болатын. Ал Мачадоның өзі АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған шабуылдары үшін Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық деп мәлімдеген.

Алайда Нобель комитеті бұл пікірге қатысты түсініктеме беріп, сыйлық тағайындалғаннан кейін оны кері қайтарып алу, бөлісу немесе басқа тұлғаға беру мүмкін еместігін атап өтті. Комитеттің мәліметінше, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты мәртебесі өзгермейді.