Фото: Grok
АҚШ президенті Дональд Трамп қызметке кіріскен сәттен бері алғаш рет Украинаға қару-жарақ жібереді. Бұл шешімді ол президенттік өкілеттіктер аясында қабылдамақ — дәл осы тәсілді бұған дейінгі президент Джо Байден де қолданған еді, деп хабарлайды Reuters дереккөздерге сілтеме жасап.
Трамп Украинаға әскери көмекті Presidential Drawdown Authority (PDA – қару-жарақты есептен шығару бойынша президенттік өкілеттік) тетігі арқылы бөлмек. Бұл механизм АҚШ билігіне Құрама Штаттар армиясының қоймаларынан Киевке қару жөнелтуге мүмкіндік береді және ол үшін Конгрестің мақұлдауы қажет емес.
Reuters тілшісімен сөйлескен дереккөздің айтуынша, әскери көмектің жалпы көлемі шамамен 300 миллион долларды құрайды. Оның құрамына Patriot зениттік-зымыран кешендеріне арналған зымырандар мен орта қашықтықтағы зымырандар кіруі мүмкін. Вашингтон Киевке нақты қандай қару жіберетіні әзірге толық анықталған жоқ.
