24 там, 2021 сағат 11:14

Цой: Реанимацияда жатқандардың 95 пайызы – вакцина алмағандар


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында қазақстандықтарды вакцина алуға үндеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ауру жұқтыру деректерін талдау жұмыстары вирус жұқтырғандар мен коронавирусты ауыр өткеріп жатқан науқастардың негізгі үлесі вакцина алмағандарға тиесілі екенін көрсетті. 1 ақпаннан бері коронавирус жұқтырғандардың жалпы санында вакцина алмаған науқастардың үлес салмағы 97,5 пайыз болған. Ал вакцина алғандардың үлесі 2,5 ғана. Корнавирус инфекциясын ауыр өткеріп жатқандар бойынша да жағдай осыған ұқсас. Реанимацияда жатқандар мен өкпені жасанды желдету құрылғысына жалғанғандардың 95 пайызы - вакцина алмаған адамдар. Осы айтылған деректер вакциналаудың тиімді екенін тағы да әйгілеп тұр», - деді министр.

Сондай-ақ ол, вакцина алу мәселесін кейінге шегеріп жүрген адамдарға үндеу тастады.

«Осыған байланысты халыққа тағы да ескерткім келеді. Бұған дейін вакцина алмаған азаматтарды вакцина бойынша дұрыс шешім қабылдап, екпе алуға шақырамын. Бұл бәріміздің денсаулығымызды сақтап қана қоймай, жақындарымыздың амандығына да кепіл болады», - деді Алексей Цой.